Мексиканың іскерлік қоғамдастығына Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Мексиканың іскерлік қоғамдастығына Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды

2023ж. 14-16 ақпанда Мехико қаласында Қазақстан Елшілігінің бастамасымен Мексикадағы Қазақстан Республикасының уақытша сенімді өкілі Олжас Исабеков пен Солтүстік Америкадағы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілі Ғалымжан Матаевтың қатысуымен жергілікті ресми және іскер топтармен бірқатар кездесулер өтті. Айта кетейік, бұл Қазақстанның мексикалық компаниялар үшін заманауи инвестициялық мүмкіндіктерінің алғашқы тұсаукесері болды.

Мексиканың «Үйлестіру кәсіпкерлік кеңесі» ірі кәсіпкерлік Қауымдастығының басшылығы мен мүшелеріне Қазақстанның инвестициялық бағыт ретіндегі артықшылықтары егжей-тегжейлі ұсынылды. Осы Кеңестің құрамына кіретін іскерлік құрылымдар Мексика ЖІӨ-нің 80% құрайтынын атап өту маңызды.

Сыртқы сауда, инвестициялар және технологиялар Кеңесі (СОМСЕ) алаңында мексикалық компаниялардың өкілдерімен кеңейтілген кездесу өтті. Олжас Исабеков пен Ғалымжан Матаев инвестициялық әлеует, преференциялар мен мемлекеттік қолдау, сондай-ақ біздің елімізде шетелдік қатысушыларға арналған нақты бизнес-жобалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

COMCE қызметі 1950 жылдардан басталады. Кеңес сыртқы сауданы, инвестициялық ынтымақтастықты және технологиялық дамуды ілгерілету жөніндегі жеке сектордың жетекші бірлестігі болып табылады.

Мексикалық компаниялардың көпшілігі үшін кездесуде ұсынылған ақпарат біздің аймақ пен нарықты ашты дейге де болады. Тұсаукесер мен сөз сөйлеу қорытындысы бойынша жан-жақты талқылау өтті. Мексикалық кәсіпкерлер Қазақстанда шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың нақты шараларына таң қалды. Атап айтқанда, олар «KAZAKH INVEST»-тің инвесторлар үшін «бір терезе» ретіндегі практикалық маңыздылығын атап өтті.

Мексикалық кәсіпкерлер Қазақстанның агроиндустриясына қызығушылық танытты. Кездесу мүшелері өз тарапынан Мексиканың осы секторда технология мен бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан әлемдегі жетекші орындардың бірі болып табылатынын атап өтті.

Аталмыш артықшылықтар Мексиканың тау-кен кешеніне де тән. Кездесуде Мексиканың бірнеше тау-кен компанияларымен арнайы кездесу өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сондай-ақ Мексика бизнесі фармацевтика саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Бірлесіп жұмыс істеу мақсатында нақты позициялар туралы ақпарат беру туралы өтініші білдірілді.

Сонымен қатар, қазақстандық өкілдерге екі елдің ақпараттық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін зерделеу ұсынылды. Мексикалық кәсіпкерлер Мексиканың Латын Америкасындағы ең үлкен FinTech хабы екендігіне назар аударды.

Қазақстандық тараптың қолда бар перспективалары бойынша көзқарасын Мексика СІМ Жаһандық инвестициялық әріптестік жөніндегі бас директоры Маргарита Алькантара да ынтамен қабылдады. Ол фармацевтика мен ауыл шаруашылығымен қатар түсті металдардың бірқатар позицияларына ерекше қызығушылық танытты.

Жалпы, Мехико қаласында өткен кездесулер Қазақстан-Мексика инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту, оның ішінде екіжақты Іскерлік Кеңес құру жөніндегі нақты қадамдарды белгілеуге мүмкіндік берді.

Анықтама: Мексика-жаһандық ойыншы ретінде берік орныққан ірі әлемдік орталық. Ел ЖІӨ-нің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі болып табылады (1,224 трлн. долл.) және орасан зор адами ресурстарымен белгілі (128 млн.адам, әлемде 10-шы орын). Экономикалық күші бойынша Мексика "Үлкен жиырмалық" елдері мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымынан асып түседі. Сыртқы экономикалық салада бұл ел негізінен АҚШ пен Латын Америкасының нарықтарына назар аударды. Енді ғана Мексика басқа нарықтарды игере бастады, іс жүзінде бірінші рет Таяу Шығыс, Африка және Азия сияқты перспективалы аймақтарды ашты. Осыған байланысты Елшілік пен «KAZAKH INVEST» осы ірі елмен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бойынша белсенді жұмыс бастады.