
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің VI отырысына қатысты. Кеңестің өңірлердегі мүшелерінің қатысуымен онлайн форматта өткен жиын барысында Президенттің Ұлттық кеңес аясында бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму мәселелері жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бүкіл халқымыз үшін айрықша мәні бар мерейлі белес, мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды меже екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылып жатқанын және бұған айрықша мән беретінін жеткізді. Саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасып жатқанын және Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданғанын атап өтті.
Қазақстан Президентінің айтуынша, кез-келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек. Мемлекеттілігімізді нығайтып, әлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн. Бұл – Мемлекет басшысының айқын ұстанымы.
Мемлекет басшысы осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін, оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсап жатқанын еске салды. Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын қажетіне жаратқан. Ал әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдайтын бірқатар шешім қабылданған.
Президент Кеңес мүшелерінің тікелей атсалысуымен елімізді одан әрі демократияландыруға бағытталған реформалардың төрт топтамасы жасақталғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі қоғамымызды демократияландыру жолындағы үлкен қадам болғанын айтты. Биыл елімізде 800-ден астам ауыл әкімі сайланып, нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы екі есе жаңарды.
Қазақстан Президенті ауыл әкімдерін сайлау институтын жетілдіру қажет екенін айтты. Сонымен қатар Кеңес мүшелерінің ауыл әкімі үміткерлігіне арнаулы орта білімі бар азаматтарға рұқсат беретін норманы бекітуді ұсынғанына тоқталды. Мұндай жаңашылдық жергілікті деңгейдегі сайлаудың бәсін арттырады. Үміткерлерге, әсіресе өзін-өзі ұсынған азаматтар үшін үгіт-насихат уақытын ұзарту мәселесі өзекті болып отырғанын, сайлауалды жұмыстарды қаржыландыруға сараланған тәсіл қажет екенін айтып, аталған бастамаларды зерттеуді және нақты ұсыныс беруді Президент Әкімшілігіне тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу жолын ұсынды. Атап айтқанда мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті екені айтылды. Білім беру саласын жетілдіруге ерекше тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердегі орын тапшылығын өте өзекті мәселе ретінде атады. Биылғы Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма бергенін еске салды.
Мемлекет басшысы тағы бір мәселе ретінде оқу орындарындағы грант бөлуді айтты. Сондай-ақ жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөлінетінін және студентті оқыту құнына қатысты ой-пікірін ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде елімізде медицина кадрларының тапшы екенін айтты. Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді екен. Облыс орталықтарында, әсіресе, аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз. Сондықтан Президент өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы цифрлық технологияны барынша енгізуді тағы бір бастама ретінде атады. Президент қазір ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ екенін, соның салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталды. Қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Мұны ақтауға болмайтын қылмыс деп атаған Президент біздің құқықтық мемлекет екенімізді, барлық даулы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керектігін айтты.
Қазақстан Президенті барлық қабылданған шешім бюджетті жоспарлау және мемлекет қаражатын жұмсау кезінде мейілінше тиімді болуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар халықтың әртүрлі критерий бойынша жіктелуі тиімді бюджеттік жоспарлау мен жалпы мемлекеттік саясатқа тікелей әсер ететінін, әсіресе, жастардың жас ерекшеліктерін анықтайтын бірыңғай шкала әзірлеу мәселесі өзекті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі нығайту жөнінде айтты. Президент биылғы маусым айында адам құқықтары саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған «Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
Сондай-ақ Президент мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ана мен баланы қолдау екенін жеткізді. Әйел адамдар бала күтімімен ұзақ уақыт отырғанда кәсіби қабілетін төмендетіп алатыны, тіпті жалғызбасты ата-аналарға мұндайда тіпті қиынға соғатынын айтып, оларға ерекше еңбек жағдайы жасалуы керек екенін атап өтті.
Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүкіл қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жеке тұлғаға қарсы, оның ішінде отбасылық және күнделікті өмірдегі қылмыстарға қарсы күрес мәселелері жан-жақты зерттеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған өзгерістер еліміздегі демократия қағидаттарын орнықтыра түсуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға септігін тигізуі қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында тағы бір мәселеге арнайы тоқталды. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүргенін, оның өте маңызды міндет екенін еске салды.
Сонымен қатар жиын барысында Кеңес мүшелері Жеміс Тұрмағамбетова, Қайсар Тұрсынқожа, Тәттігүл Талаева, Александр Данилов және Уайс Ерсайынұлы сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің бәріміз үшін ең құнды дүние екеніне баса мән беріп, оны даңғаза ұрандармен емес, ақылмен, парасаттылықпен, біліммен, сабырлықпен қорғау қажеттігін, еліміздің біртұтастығы реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі екенін айтты.