GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Бас Консулдық туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Все материалы
12 октября 2026
Манамада Қазақстан мен Бахрейн ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды

Манама, 2026 жылғы 6–8 қазанҚазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Мадияр Меңілбеков жұмыс сапары аясында Корольдіктің ресми тұлғаларымен, іскерлік және мәдени орта өкілдерімен кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Елші «Exhibition World Bahrain» орталығында өткен «Made in GCC 2026» өнеркәсіптік форум-көрмесіне қатысты. Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифаның қамқорлығымен ұйымдастырылған іс-шараны Король атынан Тақ мұрагері – Премьер-Министр Салман бен Хамад Әл-Халифа ашты. Форум аясында өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық әріптестік мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Бахрейн Сыртқы істер министрлігінің Протокол қызметінің басшысы Салах Мұхаммед Шихабпен кездесуде саяси консультациялардың екінші раундына дайындық, сондай-ақ жоғары деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Король Хамад атындағы Жаһандық бейбіт қатар өмір сүру және толеранттылық орталығының атқарушы директоры Мунира Науфал Әл-Досеримен дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, екі елдің бейінді институттары арасындағы байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Бахрейндік тарап Қазақстанның осы саладағы үлесіне және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің рөліне оң баға берді.

Елші билеуші әулет мүшесі, Өнер жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы, Бахрейн өнер қоғамының құрметті президенті және «RAK Art Foundation» қорының негізін қалаушы шейх Рашид бен Халифа Әл-Халифамен кездесіп, оның жеке көрмесін тамашалады. Мәдени алмасулар мен өнер мекемелері арасындағы байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша суретшінің Қазақстандағы жеке көрмесін ұйымдастыру мүмкіндігін пысықтау ұсынылды.

Бахрейн Сауда-өнеркәсіп палатасы директорлар кеңесінің мүшесі Абдулуахаб Юсуф Әл-Хауаджбен сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды жандандыру мәселелері қаралды. Қазақстан – Бахрейн Іскерлік кеңесін құру мүмкіндігіне ерекше назар аударылды.

02 августа 2026
Манамада Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесулер өтті

Манама, 2026 жылғы 28-29 шілде аралығы – Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Мадияр Менілбеков Манама қаласына жұмыс сапары аясында Бахрейн Корольдігінің мемлекеттік органдарының, сарапшылық қауымдастығының және іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, Қазақстан Елшісі Бахрейн Корольдігі Сыртқы істер министрі орынбасарының міндетін атқарушы және екіжақты қатынастар жөніндегі бас директоры шейх Абдулла бен Әли Әл Халифамен, Aluminium Bahrain B.S.C. (Alba) компаниясының Бас атқарушы директоры Әли Әл-Бақалимен, Royal Humanitarian Foundation Қамқоршылық кеңесі басшысының орынбасары доктор Мұстафа Әл-Сайедпен, сондай-ақ Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының Таяу Шығыс жөніндегі өңірлік орталығының (IISS-Middle East) басқарушы директоры Наташа Марвамен келіссөздер жүргізді.

Шейх А.Әл Халифамен өткен кездесу шеңберінде тараптар Қазақстан мен Бахрейн арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, өңірлік және халықаралық күн тәртібін талқылап, жоғары және аса жоғары деңгейлерде жоспарланған іс-шараларға дайындықты, сондай-ақ көпжақты форматтар шеңберіндегі өзара іс-қимылды қарастырды. Екі ел өкілдері өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша бірлескен қадамдарды үйлестіруге және басым салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.

Ә.Әл-Бақалимен пікір алмасу кезінде алюминий өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері, металлургия саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ алюминий өндірісі мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды.

М.Әл-Сайедпен өткен келіссөздер аясында Елші Royal Humanitarian Foundation қорына 2021 жылы Астана қаласында 1200 орындық №91 мектептің құрылысына көрсеткен қаржылық қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, тараптар Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары мен жаңа жобаларды талқылады.

Наташа Марвамен сұхбат барысында өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, Таяу Шығыстағы қазіргі геосаяси үдерістерді, сондай-ақ Қазақстан мен IISS-Middle East арасындағы сараптамалық және талдамалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Тараптар алдағы халықаралық іс-шараларға дайындық, стратегиялық зерттеулер саласында тәжірибе алмасу, өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық сарапшылар қауымдастықтары арасындағы кәсіби байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, сапар қорытындысы бойынша қазақстандық дипломат «Bahrain TV» мемлекеттік телеарнасына берген сұхбаты барысында ол Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, Қазақстан – Бахрейн қатынастарының қазіргі жай-күйі, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары туралы баяндады.

02 августа 2026
Қазақстан Елшісі Бахрейн Короліне сенім грамоталарын табыстады

Манама, 2026 жылғы 28 шілде – Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Мадияр Меңілбеков Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифаға сенім грамоталарын тапсырды.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Елшісі Бахрейн Короліне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, қазақстандық тараптың екі мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілдігін растады.

Өз кезегінде, Король Хамад Әл Халифа Қазақстан мен Бахрейн арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін білдірді, сондай-ақ қазақстандық дипломаттың қызметіне жемісті жұмыс тіледі.

02 марта 2026
Мемлекет басшысы Бахрейн Королімен телефон арқылы сөйлесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, еліміз қазіргі қиын-қыстау шақта Бахрейн халқына тілектес екенін айтты.

Мемлекет басшысы Иранға қарсы соғысқа қатыспаған Бахрейн мен басқа да елдердің азаматтық инфрақұрылымын зымыранмен атқылауға алаңдаушылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жағдайды одан әрі ушықтырмай, қақтығысты диалог және дипломатия жолымен бейбіт түрде шешуді құптайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Король Хамад бен Иса Әл Халифа ұдайы қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға баса мән бере отырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға ниетті екенін растады.

Тараптар Қазақстан-Бахрейн арасындағы достық қатынас пен серіктестікті одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізіп, қасиетті Рамазан айында екі ел халқына бейбіт өмір, бақ-береке тіледі.

28 февраля 2026
Қазақстан азаматтарына хабарлама!

Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары,

Таяу Шығыс өңіріндегі жағдайдың шиеленісуіне және қалыптасып отырған ахуалдың дамуына байланысты Қазақстан Республикасының Бас консулдығы сабыр сақтауға және жоғары қырағылық танытуға шақырады.

Жеке қауіпсіздік мақсатында төмендегі сақтық шараларын ұстануды ұсынамыз:
• мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу;

  • жеке қауіпсіздік шараларын сақтау және жоғары қырағылық таныту;
  • жергілікті билік органдарының хабарламаларын және ресми ақпарат көздерін мұқият қадағалау;
  • сақтық шарасы ретінде алдын ала жеткілікті мөлшерде ауыз су, азық-түлік және қажетті дәрі-дәрмек қорын қамтамасыз ету;
  • ұялы телефондарды үнемі зарядталған күйде ұстау және өзіңізбен бірге байланыс құралдары мен паспорттарыңызды алып жүру.

Қазақстан Республикасының Манама қаласындығы Бас Консулдық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр және қажет болған жағдайда азаматтарды жедел түрде қосымша ақпаратпен хабардар етеді.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда келесі жедел байланыс нөмірлері арқылы Елшілікке хабарласуға болады:
+973 33480890
+973 36866365

Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Манама қаласыдағы
Бас консулдығы
(Бахрейн Корольдігі)

26 февраля 2026
Қазақстан Республикасы мен Бахрейн Корольдігі арасындағы мәдени-өнер саласындағы өзара ықпалдастық

Манама, 2026 жылғы 24 ақпан –  Қазақстан Республикасының Манама қаласындағы Бас консулы Б. Дәуренбек Бахрейн Корольдігінің Ұлттық өнер кеңесінің төрағасы Шейх Рашид Әл Халифамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өнер саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Бахрейн Корольдігі арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.

Тараптар бірлескен көрме жобаларын ұйымдастыру, екі елдің шығармашылық қауымдастықтары арасында тәжірибе алмасу және мәдени байланыстарды нығайту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды

21 января 2026
Манамада Қазақстан – Бахрейн ынтымақтастығы талқыланды

Манама, 2026 жылғы 17-19 қаңтар – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі және Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Мадияр Меңілбеков Манама қаласына жұмыс сапары аясында Бахрейн Корольдігінің ресми тұлғаларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Бахрейн Корольдігінің Көлік және телекоммуникация министрі, Король Хамад атындағы Жаһандық қатар өмір сүру мен толеранттылық орталығы Қамқоршылар кеңесінің төрағасы шейх Абдалла бен Ахмед Әл Халифамен, Туризм министрі Фатима Әл-Сайрафимен, Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты қатынастар жөніндегі Бас директоры шейх Абдалла бен Али Әл Халифамен және Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Самир Насспен келіссөздер жүргізді.

Қазақстан Елшісі шейх Абдалла бен Ахмед Әл Халифамен кездесу барысында дінаралық диалогқа қосқан зор үлесі үшін ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің құрмет медалін табыстап, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты одан әрі ілгерілету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, тараптар көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту және екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігін қарастырды.

М.Меңілбеков Туризм министрі Фатима Әл-Сайрафимен кездесу шеңберінде Қазақстанның туризм саласындағы кең мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, өзара іс-қимылды кеңейту және бірлескен іс-шараларды іске асыру перспективалары туралы пікір алмасты.

Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты қатынастар жөніндегі Бас директоры шейх Абдалла бен Али Әл Халифамен саяси диалогты нығайту, алдағы жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізу және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттесуді жалғастыру мәселелері талқыланды.

Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Самир Насспен кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, іскер топтар арасындағы тікелей байланыстарды орнату және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қозғалып, Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және бизнесті дамытуға бағытталған елдегі экономикалық реформалар жөнінде ақпарат берілді.

Кездесулердің қорытындылары бойынша Қазақстан мен Бахрейн арасындағы достық пен өзара түсіністікке негізделген екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігі расталды.

04 января 2026
Қазақстан Елшісі Бахрейн министріне сенім грамоталарының көшірмесін табыс етті

Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі, Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Мадияр Меңілбеков Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бен Рашид Әл-Заяниге сенім грамоталарының көшірмесін табыс етті.

Іс-шара барысында тараптар Қазақстан мен Бахрейн арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға және екі елдің өзара іс-қимылын тереңдетуге бағытталған нақты қадамдар жасаудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Абдуллатиф Әл-Заяни Қазақстан Елшісін қызметке кірісуімен құттықтап, Қазақстан мен Бахрейн арасындағы қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуда зор табыстар тіледі.

12 ноября 2025
Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі тағайындалды

Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Мадияр Смәділұлы Меңілбеков Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды;

04 октября 2025
Қазақстан мен Бахрейн СІМ басшыларының телефон арқылы сөйлесуі туралы

Астана, 2025 жылғы 4 қазан – Бахрейн тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бен Рашид Әл-Заянимен телефон арқылы сөйлесті.

А.Әл-Заяни әріптесін жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, жауапты қызметіне мол табыс тіледі. Өз кезегінде Қазақстан СІМ басшысы алғысын білдіріп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды жан-жақты тереңдетуге бейілділігін атап өтті.

Сұхбат барысында екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары, сондай-ақ биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпжоспарлы қазақ-бахрейн ынтымақтастығын нығайтуға өзара дайындығын растады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары