
Мадрид – Барселона, 2025 ж. 5-6 наурыз – Қазақстанның Испаниядағы Елшілігі Корольдіктің жетекші талдау орталықтарымен бірлесіп, Қазақстанның сыртқы саяси бағытына және оның халықаралық сахнадағы рөліне арналған бірқатар сараптамалық пікірталастар ұйымдастырды.
Іс-шаралардың бас спикері MIND Maqsut Narikbayev University ғылыми-талдау орталығының сыртқы саясат және халықаралық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі Мирас Жиенбаев болды.
CIDOB-та (Barcelona Center for International Affairs) «Азия үйінің» (Испания СІМ ведомстволық бағынысты ұйымы) қатысуымен «Орта державалардың стратегиясы және әлемдік тәртіптің болашағы: Қазақстанның көзқарасы» тақырыбындағы конференциясы өтті. CIDOB директоры Пол Морильяс модераторлық еткен панельдік сессия испандық сарапшы топтарға Қазақстанның Еуразиялық инфрақұрылымдағы өңірлік көшбасшы және негізгі буын ретіндегі рөлін тереңірек зерттеуге мүмкіндік берді. Қазақстанның жаһандық диалогты нығайтуға және халықаралық қатынастарда тұрақтылықты сақтауға деген ұмтылысын көрсететін Астана халықаралық форумы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін қоса алғанда, елдің халықаралық бастамаларына ерекше назар аударылды.
«Элькано» Корольдік институтында сараптамалық талқылау өтіп, оның аясында испандық «think-tank» орталығының директоры Чарльз Пауэлл бастаған сарапшылар Қазақстанның орта держава ретіндегі стратегиялық маңыздылығын қарастырды. Талқылаудың басты тақырыбы негізгі көлік бағыттарын дамыту, елдің транзиттік әлеуеті мәселелері, сондай-ақ оның әлемдік экономика үшін маңызды минералдарды жеткізуші ретіндегі маңызды рөлі болды. Қазақстан теңдестірілген дипломатиялық саясат жүргізе отырып, халықаралық ынтымақтастық пен орнықты дамуды нығайтуды жақтайтыны атап өтілді.
Мадрид автономиялық университеті (UAM) жанындағы Экономика және халықаралық қатынастар институтында (SEI) Түркі мемлекеттері ұйымының елдеріне арналған цикл аясында ұйымдастырылған жеке конференция өтті. UAM профессоры және Орталық Азия елдері бойынша сарапшы Хесус Хиль модераторлық еткен пікірталас Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін, сондай-ақ цифрландыру және агроөнеркәсіптік сектор саласындағы ынтымақтастық перспективаларын қамтыды. Кездесудің нәтижесінде ғылыми-талдамалық өзара іс-қимылды дамытуға және сараптамалық пікір алмасуға бағытталған SEI және MIND арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Іс-шараларға дипломаттар, талдаушылар, бизнес өкілдері, журналистер мен студенттер қатысып, Қазақстанның сыртқы саяси бағдарларын және оның халықаралық қауіпсіздік архитектурасындағы маңыздылығын егжей-тегжейлі зерделеу мүмкіндігіне ие болды.