
Мадрид, 2025 ж. 26 ақпан – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испания Корольдік сарайының Дипломатиялық кеңесшісі Кармен Кастьелла Руис де Веласкомен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібі мен екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Испания арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті. Саяси диалогты дамытуға, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Елші Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарын таныстырып, елдің БҰҰ Жарғысы қағидаттарына берік ұстанымын, сондай-ақ оның халықаралық үрдістерге теңдестірілген және прагматикалық көзқарасын атап өтті. Бұл тұрғыда жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп әрекет ету, бейбітшілікке, тұрақтылыққа және тұрақты дамуға жәрдемдесу үшін халықаралық алаңдарда күш-жігерді үйлестіру қажеттілігі атап өтілді.
Сұхбаттасушылар серіктестікті нығайтуға өзара қызығушылық білдіріп, екі мемлекет арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге бағытталған сындарлы диалогты қолдауға келісті.