Абай өлеңдері мен қазақтың қоңыр үні испандықтардың жүрегінде шырқады

Абай өлеңдері мен қазақтың қоңыр үні испандықтардың жүрегінде шырқады

Мадрид, 2024 жылғы 13 ақпан – «Born Bold» науқаны аясында Қазақстанның Мадридтегі Елшілігінің ұйымдастыруымен Испанияның Ұлттық кітапханасында қазақтың ұлы ақыны, композиторы және философы Абай Құнанбайұлының 180 жыл толғанына арналған поэзия кеші өтті. Шығармашылық кешке қазақ тілі курсының оқушылары мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері, қабылдаушы елде тұрып жатқан қазақстандық отандастар мен студенттер Абайдың өлеңдері мен әндерін қазақ және испан тілінде орындады.

Іс-шараға қонақтары Испанияның Ұлттық кітапханасының Мәдениет істері жөніндегі директоры Хавьер Ортега, филология ғылымдарының докторы, Мадрид Комплутенсе университетінің профессоры, Абай еңбектерін испан тіліне аударуға атсалысқан ресми аудармашы Мария Санчес Пуиг, Испания Ұлттық кітапханасының достар қорының өкілдері, жазушылар  және басқалары болды.

Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев сөйлеген сөзінде екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі – мәдениеттің және осының аясындағы Абай рөлінің зор маңыздылығын атап өтті.

Х.Ортеганың айтуынша, «Абайдың қара сөздері – оның еңбектерінің негізі. Cөз елдер мен мәдениеттер арасындағы көпір ретінде бұл іс-шараны ұйымдастыру және әсер алу үшін Испанияның Ұлттық кітапханасынан, Cөз үйінен артық не болуы мүмкін».

Іс-шара барысында филолог ғалым М.С. Пуиг Абай мұрасы және оның шығармашылығындағы қызықты деректер туралы да, сондай-ақ қазіргі замандағы өзектілігін де айтты. Ұлы ойшыл Абайдың терең мағынасына толы шығармаларын сапалы аударудағы ерекшеліктер туралы пікірлер айтылды.

Сонымен қатар, Абай туралы испан тілінде бейнекөрсетілім жасалып, көрермендерге Абайдың музыкалық композициялары мен қазақтың бай тарихи және дала әуендері арнайы шырқалды.

Өз кезегінде, кеш аяқталған соң «La Voz de Galicia» беделді испан баспасына Қазақстанның Елшісі Д.Мұсаевтың «Born Bold» бастамасы бойынша жеке сұхбаты орын алып, елдің экономикалық өсуге, әлеуметтік прогреске және инновацияға, сондай-ақ ҚР-дың соңғы жылдардағы жетістіктері мен басымдықтарына баса назар аударылды.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби кеш Испанияның Ұлттық кітапханасының «You Tube» арнасының тікелей эфирінде көрсетілді:

https://www.youtube.com/live/rg4E00VE15c?si=7ZwVP_bpeMyUdfbJ&sfnsn=scwspwa