
Мадрид, 2025 ж. 24 қаңтар – Қазақстанның Елшісі Данат Мұсаев Испания Сыртқы істер, Еуропалық Одақ және ынтымақтастық министрлігінің Солтүстік Америка, Шығыс Еуропа және Азия бойынша Бас директоры Луис Фонсекамен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қазақстан елшісі испандық дипломатты елде жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттары туралы хабардар етті. Оның ішінде, Д.Мұсаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды арттыру мақсатында Испаниямен екіжақты байланыстарды жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Л.Фонсека Қазақстан мен Испания арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды жоғары бағалап, оның қарым-қатынастардың барлық спектрі бойынша қарқынды дамуын атап өтті. Ол стратегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған жаңа бастамаларды іске асыру үшін бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын ескертті.
Кездесу соңында сұхбаттасушылар тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға келісіп, алдағы кезеңге арналған перспективалық міндеттерді белгіледі.