«Born Bold» науқаны аясында Мадридте Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктері таныстырылды

«Born Bold» науқаны аясында Мадридте Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктері таныстырылды

Мадрид, 2024 ж. 10 желтоқсан – Қазақстанның Испаниядағы Елшілігі Испанияның экспорттаушылар және инвесторлар клубымен бірлесіп, «ТХКД: Қазақстандағы инфрақұрылымдық мүмкіндіктер» тақырыбында Конференция ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Д. Мұсаев, ҚР Көлік министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Н.Кенесов (бейне байланыс арқылы), «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының бас инженері С. Имашев (бейне байланыс арқылы), Испания Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысының бас директорының орынбасары Л.Харильо, Испанияның экспорттаушылар және инвесторлар клубының президенті А.Бонет, Еуропалық комиссияның Транскаспий көлік дәлізін дамыту жөніндегі жетекші сарапшысы А.Ромеро, сондай-ақ, Испанияның инфрақұрылымдық компаниялары мен Еуропалық Одақтың, соның ішінде Испанияның, банктерінің жиырма өкілі қатысты.

Қазақстанның Елшісі өз сөзінде Қазақстан мен Испания арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жағдайы мен перспективалары, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, іскерлік және инвестициялық ахуалы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Ол қатысушылардың назарын Қазақстанның транзиттік-логистикалық саласын және инфрақұрылымын дамытуға аударды.

Н.Кенесов Қазақстан Үкіметінің көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған шаралары туралы хабарлады. Осы тұрғыда ол Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік тасымалдаудағы рөлін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жеке тоқталды. Сонымен қатар, спикер испандық инфрақұрылымдық және логистикалық компанияларды Қазақстанда ТХКД инфрақұрылымын дамыту жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Л.Харильо көлік-транзит секторында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін қолда бар екіжақты әлеуеттің бар екендігін атап өтіп, өзара тиімді жобаларды, оның ішінде ТХКМ шеңберінде іске асыру бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендігін білдірді.

Қатысушылар арасында тікелей пікір алмасу өтті. Спикерлер жаһандық сын-қатерлер мен жеткізу тізбектеріндегі өзгерістер жағдайында тұрақты және тиімді көлік дәліздерін құрудың маңыздылығын атап өтті. Конференция барысында Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде Ақтау және Құрық теңіз порттарын жаңғырту, көлік жолдарын қайта құру және теміржол байланыстарын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан белсенді жұмыс атап өтілді. Сондай-ақ, іс-шара барысында А.Бонет, А.Ромеро және С.Имашев та сөз сөйледі.

Сонымен қатар, «Born Bold» науқаны аясында елдің экономикалық өсуге, әлеуметтік прогреске және инновацияға серпінді, көреген көзқарасы туралы бейне-ролик көрсетіліп, ҚР-дың соңғы жылдардағы жетістіктері мен басымдықтарына баса назар аударылды.