
Мадрид, 2024 жылғы 3 желтоқсан – Қазақстан Елшісі Данат Мұсаев СЕУ Сан-Пабло беделді университетінде Испания университеттері ректорларының конференциясы (CRUE) ұйымдастырған Испандық жоғары оқу орындарының интернационализациясы мен ынтымақтастығы жөніндегі XXII отырысында сөз сөйледі.
Д.Мұсаев өз сөзінде еліміздің жоғары білім саласындағы негізгі басымдықтары мен үлкен академиялық хаб құру жөніндегі табысты бастамаларын, сондай-ақ еліміздегі халықаралық университеттердің кампустарын салу үшін экономикалық мүмкіндіктер мен жағдайларды атап өтті.
Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол қос диплом, академиялық ұтқырлық, ғылыми зерттеулер бағдарламаларын дамытуға, сондай-ақ жетекші халықаралық ғылыми орталықтармен ынтымақтастыққа және Қазақстан мен Испанияның жоғары оқу орындары арасында ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауға жеке тоқталды.
Жалпы, іс-шараға Испанияның 80-нен астам жетекші университеттерінің ректорлары мен вице-ректорлары, Испанияның даму мақсатында халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің (AECID), CRUE және Испания ғылым, инновация және университеттер министрлігі жанындағы Испанияның интернационалдандыру дербес қызметінің (SEPIE) өкілдері қатысты.
Іс-шара соңында қазақстандық дипломат мүдделі испан университеттерімен жеке кездесулер өткізді.