
Мадрид – Астана, 2024 жылғы 19 қараша – «Қазақстан-Испания» парламентаралық ынтымақтастық тобының онлайн-отырысы өтіп, оның барысында екі елдің парламентшілері екіжақты қатынастардың перспективаларын және заң шығару органдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Іс-шара аясында тараптар Қазақстан мен Испания арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына 15 жыл толуының маңыздылығын атап өтті.
Осы жылдар ішінде елдер берік және сенімді қарым-қатынас құра алғаны, сондай-ақ барлық бағыттар бойынша елеулі табыстарға қол жеткізгені айтылды. Келіссөздер шеңберінде заң шығарушы биліктің өкілдері ынтымақтастықтың жаңа перспективалық салаларын және оларды кеңейту жөніндегі одан әрі шараларды айқындады.
Сұхбаттасушылар екіжақты байланыстарды дамытуда Парламентаралық диалог шешуші рөл атқарады деген пікірге келді. Әр түрлі парламенттік ассамблеялар шеңберіндегі кооперацияның оң сипаты мен өзара қолдау перспективалары атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Испания арасындағы екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша тығыз байланыстарды қолдау туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.