
2024 жылғы 25 қазан, Мадрид қаласы - Республика күніне орай Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен «Яссауи» вокалдық тобының өнерпаздары концерттік бағдарламаны Испания Корольдігі астанасының басты концерттік алаңы – Ұлттық музыка аудиториясында қазақтың дәстүрлі ән мен күйін, рухани және діни құндылықтарын әуелетті.
Іс-шарада қазақ халық және классикалық музыкасының шеберлері, соның ішінде Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Қазанғаптың, Дина Нұрпейісованың, Нұрғиса Тілендиевтің және т.б. шығармалары орындалды. Фольклорлық орындаулар мен Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері, Ақтамберді мен Қашаған жыраулардың насихаты және Қасым Аманжолов пен Мәдеш Ниязбековтің әндерінің үйлесімділігі аудиторияға қазақ мәдениеті мен мұрасына жаңа қырынан тануға септігін тигізді.
Салтанатты концерт аншлагпен өтіп, оны испан көрермендері үлкен ықыласпен қабылдады. Іс-шараға Испания Үкіметі мен Парламентінің өкілдері, Сыртқы істер және басқа да министрліктер мен ведомстволардың басшылығы, шет мемлекеттердің елшілері, іскер топтар, бұқаралық ақпарат құралдары, қабылдаушы елде тұратын отандастар мен студенттер қатысты.
Қазақстан Республикасының Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев өз сөзінде 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған елдігіміздің берік тұғыры – Егемендік декларациясы қабылданғандығы туралы атап өтті.
Сондай-ақ Д.Мұсаев «Born Bold» науқаны аясында елдің экономикалық өсуге, әлеуметтік прогреске және инновацияға серпінді, көреген көзқарасы туралы айтып, еліміздегі соңғы жылдардағы ауқымды саяси реформалармен бірге оның өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлін нығайтатын Қазақстанның экономикалық даму саласындағы жетістіктеріне, Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға және Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтығына баса назар аударды.