Испандық сарапшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды талқылады

Испандық сарапшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды талқылады

Мадрид, 2024 ж. 30 қыркүйек – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаевтың төрағалығымен саясат және халықаралық қатынастар саласындағы жетекші сарапшылар мен «EuropaPress» испандық жаңалықтар агенттігі өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті.

Іс-шараға Орталық Азия елдері бойынша сарапшылар-саясаттанушылар Антонио Алонсо, Хосе Луис Орея және Мадрид автономиялық университетінің профессоры Хесус Хиль қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауына баса назар аудара отырып, Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы жанды пікірталас өтті.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанды жан-жақты жаңғырту және демократияландыру процесін жоғары бағалап, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар бағытына қолдау білдірді.

Қазақстанның сындарлы дінаралық диалогты орнатуға және нығайтуға бейілділігі туралы бөлек пікірталас қозғалды. Елші Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына тоқталып, оның негізгі міндеті әлемнің түрлі конфессиялары арасындағы диалогты дамыту болып табылатынын айтып берді.

Өз кезегінде испандық шолушылар Съездің маңыздылығы мен рөлін, сондай-ақ Қазақстанның әлемдегі конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

«Дөңгелек үстел» соңында қатысушылар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.