
2024 жылғы 25 қыркүйек, Мадрид қ. – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Д.Мұсаев Корольдіктің ең беделді экономикалық алаңдарының бірі – «Genova» Қаржы клубында сөз сөйледі.
Іс-шараға клубтың, жетекші испандық компаниялардың, дипломатиялық корпустың, жоғары оқу орындардың басшылықтары және БАҚ өкілдері, сондай-ақ экономика саласындағы сарапшылар қатысты.
Қазақстан Елшісі өз сөзінде Испания Қазақстанның ЕО-дағы негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, ол еліміздегі шетелдік инвесторларға арналған преференциялар, әлеуметтік-экономикалық даму, іскерлік ахуал, сондай-ақ Республиканың транзиттік әлеуеті туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Осы тұрғыда Д. Мұсаев кездесуге қатысушылардың назарын Қазақстан Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауының негізгі тармақтарына аударды. Елші Жолдауды іске асыру испандық әріптестер үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде өзара қызығушылық тудыратын экономиканың басым салаларында бірлескен жобалар құруға мүмкіндік беретінін баса айтты.
Конференция соңында қатысушылар Қазақстандағы реформаларға жоғары баға беріп, тікелей пікір алмасу өтті.
Анықтама: «Genova» Қаржы клубы 1972 ж. коммерциялық емес азаматтық қауымдастық ретінде құрылған және қазіргі таңда Испанияның ең құрметті клубтарының бірі болып табылады. Клубтың 500-ге жуық мүшесі бар, оның ішінде бизнес, қаржы, саяси, сондай-ақ БАҚ өкілдері кіреді.