
Мадрид, 2024 жылғы 18 шілде – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испанияның денсаулық сақтау жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Хавьер Падильямен кездесті.
Кездесуде екі елдің жетекші медициналық орталықтары арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері, клиникалық препараттарды бірлесіп зерттеу және сынау, ревматология, неврология, аутоиммунды және нейродегенеративті аурулар саласында тәжірибе алмасу қарастырылды.
Д.Мұсаев қазақ медицинасының жетістіктерін атап өтіп, осы мәселелерді шешу үшін халықаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін баса айтты.
Өз кезегінде Испанияның Мемлекеттік хатшысы Қазақстанның халықаралық бастамаларын, соның ішінде Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша Астана декларациясын қабылдағанын атап өтті.
Сонымен қатар Х.Падилла денсаулық сақтау саласындағы екіжақты қатынастарды нығайтуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Соның ішінде ол Испания ғылыми орталықтар мен университеттік клиникалар саласындағы өз тәжірибесімен және білімімен бөлісуге дайын екенін атап өтті.
Тараптар жоғарыда аталған салалардағы ынтымақтастықты қамтитын екіжақты келісімді әзірлеу бойынша жұмысты бастауға келісті.