Мадридте Домбыра күні атап өтілді

Мадридте Домбыра күні атап өтілді

Мадрид, 2024 жылғы 13 шілде – Қазақстанның Мадридтегі Елшілігі Испаниядағы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерімен бірге Қазақстанның ұлттық мерекесі – Домбыра күнін атап өтті.

Іс-шара барысында жас домбырашылар қазақ фольклорлық музыкасының үздік композицияларын ойнады. Қазақ тілінде танымал шығармаларды шырқаған испандық «La Voz Kids» («Балалар дауысы») финалисі – қазақстандық Жанель Әли және «Бақытты Бала» қазақстандық фестивальдің жеңімпазы – испандық Люсия Касани жеке нөмір ретінде өнер көрсетті.

Концерт аясында қазақтың әйгілі әншісі Димаш Құдайбергенге арналған Хосе А. Бузанның фан-арттары және Альберт Митха Силестің комикстерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, испан жазушысы Кармен Мария Роблестің табиғат, ұлттық дәстүрлер және қазақтардың тағамдары тақырыбындағы еңбектері ұсынылды.

Іс-шара Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталды. Көрермендер қазақ музыкасының бірегейлігін, оның басты рәміздерінің бірі – домбыраны және көшпенділер мәдениетінің терең тарихын қуана атап өтті.