Қазақстан геосаяси тенденциялар ортасында

Қазақстан геосаяси тенденциялар ортасында

Мадрид, 2024 ж. 2 шілде – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Мадрид Комплутенсе Университетінде Испанияның стратегиялық зерттеулер институты (IЕЕЕ) ұйымдастырған «Геосаяси тенденциялар (V): Жаһандық Оңтүстік бар ма?» атты Орталық Азия бойынша «дөңгелек үстелге» қатысты.

Іс-шара халықаралық қатынастар, экономика және саясат саласындағы жетекші сарапшылар – IEEE директоры Хосе Пардо де Сантаянаны, Мадрид автономиялық университетінің профессоры Хесус Хил Фуэнсантаны, СЕУ Сан-Пабло университетінің профессоры Антонио Алонсо Маркосты, сондай-ақ әскери-саяси өкілдер мен бизнес қауымды және университет студенттері мен оқытушыларын жинады.

ҚР Елшісі өз сөзінде еліміздегі ауқымды саяси реформалармен бірге оның өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлін нығайтатын Қазақстанның экономикалық даму саласындағы жетістіктері, соның ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға жаңа серпін беретін Транскаспий халықаралық көлік бағыты туралы айтып берді.

Сондай-ақ, қазақстандық қоғамға тән дінаралық келісім мен толеранттылық және Қазақстан бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі талқылаудың жеке тақырыбы болды.

Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындар, сондай-ақ тойланып жатқан Жошы Ұлысының 800 жылдығы және халқымыздың көрнекті тарихи тұлғалары – Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің және Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойлары, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, белгілі батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы туралы ақпараттандырылды.

Сөз соңында Д.Мұсаев 2024 жылы Қазақстан мен Испания арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына 15 жыл толғанын ерекше атап өтті.  

Орталық Азия елдеріндегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы қызу пікірталас қорытындысы бойынша сарапшылар конституциялық өзгертулерге байланысты Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы әр түрлі салалардағы жаңа демократиялық құндылықтарды қалыптастыруға ықпалын тигізіп отырған «үлгілік ел» деп атады.

Бұдан былай, конференциядан кейін қазақстандық дипломаттың «RTVE» Испанияның ұлттық радио және теле корпорациясына жеке сұхбаты өтті. Сұхбат кезінде Д.Мұсаев Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі жетістіктерін атап өтіп, еліміздің халықаралық ұйымдардың жұмысындағы белсенді жігерлігіне және ШЫҰ төрағалық ету шеңберінде Астанада басталған аталған ұйымның саммитіне жеке тоқталды.

Анықтама: Испанияның стратегиялық зерттеулер институты (IEEE) – Испания Қорғаныс министрлігінің мәдени қызметін үйлестіруге, ілгерілетуге және таратуға жауапты стратегиялық әскери-саяси деңгейдегі зерттеу және талдау орталығы. IEEE Ұлттық қорғанысты зерттеудің жоғары орталығымен (CESEDEN) біріктірілген.