Қазақ-испан қатынастарының цифрлық күн тәртібі туралы

Қазақ-испан қатынастарының цифрлық күн тәртібі туралы

Мадрид, 2024 ж. 3-4 маусым – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин бастаған қазақстандық делегацияның Мадридке жұмыс сапары өтті.

Делегация құрамына «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының Бас директоры Бауыржан Канкин және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өнімдерді жылжыту департаментінің директоры Азамат Баймен кірді.

Сапар барысында қазақ делегациясы Испанияның цифрлық трансформация және мемлекеттік қызмет министрлігінің, «INCIBE», Ұлттық киберқауіпсіздік институтының, «ЮНВТО», «IE» университетінің және Мадрид қ. цифрлық мэрия Кеңсесінің басшыларымен кездесулері орын алды.

Заманауи сын-тегеуріндерді ескере отырып, цифрландыру, жасанды интеллект технологиялары, ақпараттық жүйелерді қорғау және «e-Government» салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың жәй-күйі мен даму перспективалары талқыланды. Қазақстанның электрондық үкіметі мен «Astana Hub» халықаралық технопаркінің дамуына ерекше назар аударылды.

Сапардың маңызды бағыттарының бірі Испанияның Сауда өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ұйымдастырылған Қазақстанға арналған «дөңгелек үстел» болды. Іс-шараға Кәсіпкерлік ұйымдар конфедерациясының (СЕОЕ) халықаралық ынтымақтастық бойынша президенті М. Бланко, Сауда палатаның директоры Х. Монталво, ИК Сауда жөніндегі хатшылығының Бас директорының орынбасары Л.К. Карраско және IT және жасанды интеллект саласындағы жиырмаға жуық кәсіпкер мен қауымдастықтар қатысты.

Кездесу қызу пікірталас форматында өтті, испандық компаниялар ықтимал ынтымақтастық орнату мақсатында серіктестер іздеуге және Еуропа нарығына қазақстандық IT-шешімдерді ілгерілетуге қызығушылық танытты.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша «Bilbao Acceleration Tower» инновациялық орталығы мен «Astana Hub» арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылу болды.

Сапар соңында Қ. Төлеушін испандық «EFE» басылымына сұхбат беріп, Қазақстанның жетістіктері және екі елдің цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы егжей-тегжейлі айтып берді.