Мадридте көші-қон саласындағы ынтымақтастық талқыланды

Мадридте көші-қон саласындағы ынтымақтастық талқыланды

Мадрид, 2024 ж. 21 мамыр – Қазақстан Елшісі Данат Мұсаев Испанияның көші-қон жөніндегі мемлекеттік хатшысы Пилар Кансела Родригеспен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар көші-қон саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, көші-қон процестерін реттеу және осы салада тәжірибе алмасу мәселелері қозғалды.

Елші еліміздің көші-қон саясатының негізгі бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтып, сұхбаттасушының назарын Қазақстан тарапынан Еуроодақ үшін көші-қон тәуекелдерінің жоқтығына аударды. Д.Мұсаев азаматтардың өзара сапарлары үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында шарттық-құқықтық базаны жетілдіру мәселесіне жеке тоқталды.

Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Қазақстан Үкіметінің көші-қон саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған шараларына жоғары баға берді.

Кездесу соңында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында бірлескен күш-жігерді үйлестіруге келісті.