
Мадрид, 2024 ж. 16 мамыр - Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Түркі мемлекеттер ұйымының (ТМҰ) экономикалық әлеуетіне арналған халықаралық конференцияда сөз сөйледі.
Іс-шара ТМҰ мемлекеттерінің елшіліктері Испанияның кәсіпкерлік ұйымдар конфедерациясымен (СЕОЕ) бірлесіп ұйымдастырылды. Оған Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, СЕОЕ президенті Марта Бланко, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреев, ТМҰ Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас хатшысы Адем Кула, Испания және Түркия Сыртқы істер министрліктерінің басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ дипломатиялық корпус және бизнес-топтардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі өз сөзінде «Түркі дәуірі!» (TURKTIME) ұранымен өтіп жатқан Қазақстанның ТМҰ-ға төрағалығының басымдықтары және жоспарлары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Д.Мұсаев ТМҰ мемлекеттерінің экономикалық жетістіктеріне жеке тоқталып, олардың арасындағы тауар айналымының тұрақты өсуін, атап айтқанда 2023 ж. қорытындысы бойынша шамамен 42,3 млрд. долл. жеткенін атап өтті.
Өз кезегінде К.Омуралиев түркі халықтарының жаһандық саудаға тарихи маңызы мен әсерін атап өтіп, ТМҰ-ға мүше-мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, іскерлік ахуалы және инвестициялық әлеуеті туралы айтып берді.
Жаңадан құрылған Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктері туралы айтқан Б.Әміреев қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Талқылаудың бөлек тақырыбы Қазақстан, Әзірбайжан және Түркияның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік тасымалдаудағы рөлі, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы болды.
Сонымен қатар, іс-шарада СЕОЕ Президенті, ТМҰ Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас хатшысы және басқа да қатысушылар сөз сөйледі. Конференция соңында қатысушылар арасында тікелей пікір алмасу орын алды.