
Мадрид, 2024 жылғы 3 сәуір – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испания Сенатының Сыртқы істер комитетінің төрағасы Хосе Игнасио Ландалусемен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени өзара ынтымақтастықты, сондай-ақ халықаралық күн тәртібін талқылады.
Парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылып, оның ішінде Парламентаралық ынтымақтастық тобының жұмысын жандандыру талқыланды.
Д.Мұсаев әңгімелесушіге Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Қазақстандық дипломат сенатормен ағымдағы жылдың 15 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда өткен үшінші Ұлттық Құрылтайдың қорытындысын талқылады.
Тараптар Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық қарым-қатынастарының қазіргі жағдайына қанағаттанушылықтарын білдіріп, оларды одан әрі дамытудың әлеуетін атап өтті.