Мадридте Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды

Мадридте Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды

Мадрид, 2024 жылғы 13 наурыз – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испанияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – СЕУ Сан-Пабло университетінде өткен «Орталық Азия мен Әзірбайжанға испан инвестицияларының жолдарын ашу» конференциясында сөз сөйледі.

Іс-шараға Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшының өкілі Мария Пенья, Әзербайжанның Испаниядағы Елшісі Рамиз Хасанов, Өзбекстанның Испаниядағы Елшісі Фарух Турсунов, «Airbus» компаниясының Вице-президенті Хосе Луис Де Мигель, Сыртқы істер, Еуропалық Одақ және ынтымақтастық министрлігінің, Испанияның іскерлік ұйымдар конфедерациясының (CЕОЕ), ғылыми топтардың өкілдері, сондай-ақ  студенттер қатысты. Конференция жүргізушісі СЕУ Сан-Пабло университетінің профессоры Антонио Алонсо болды.

Қазақстан Елшісі өз сөзінде Испания Қазақстанның ЕО-дағы негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылатынын атап өтіп, еліміздегі шетелдік инвесторларға арналған преференциялар, әлеуметтік-экономикалық даму, іскерлік ахуал, сондай-ақ Республиканың транзиттік әлеуеті туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Қазақ дипломаты мемлекеттің экономикалық жетістіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, қатысушылар 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің 5,1%-ға өсуі туралы, сондай-ақ Қазақстан экономикасына қатысты қаржы институттарының болжамдары туралы ақпаратты оң қабылдады.

Сонымен қатар қатысушыларға қазіргі саяси және экономикалық сын-қатерлерді талқылау үшін маңызды алаңға айналған 2024 ж. 13-14 маусымда жоспарланған Астана Халықаралық форумы туралы ақпарат жеткізілді.

Өз кезегінде, М. Пенья Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі факторларын егжей-тегжейлі талдап, еліміздегі реформаларға жоғары баға берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан – халықаралық қатынастардағы сенімді серіктес, Орталық Азияның жетекші экономикасы болып табылады.

Конференция соңында қатысушылар арасында тікелей пікір алмасу өтті.

Анықтама: Испания Қазақстанның ЕО-дағы негізгі сауда-экономикалық әріптесінің бірі болып табылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы $2,07 млрд. (экспорт – 1,485 млрд., импорт - 521 млн.).