
Барселона қ., 12 ақпан - Барселона қаласында ҚР консулдығының басшысы Әмір Сұлтанғожин Испания Үкіметінің Каталониядағы өкілдігі басшысының орынбасары Джозеф Бертран Бертомеумен кездесті.
Кездесудің мақсаты консулдық мәселелерді талқылау, білім және ғылым саласындағы байланыстарды, сауда-экономикалық қатынастар одан әрі нығайту болды. Әңгімелесушіге ҚР-да саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жүргізіліп жатқан реформалар туралы толық ақпарат берілді.
Испанияның білім беру саласындағы саясаткерінің мол тәжірибесін ескере отырып, Ж. Бертран Бертомеу Каталония мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында әріптестік орнату перспективаларына ерекше қызығушылық танытып, білім беру және ғылыми ынтымақтастықты ілгерілетуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Анықтама: Испания Конституциясының 154-бабына сәйкес: «Үкімет тағайындаған делегат автономды қоғамдастық аумағындағы бас мемлекеттік әкімшіліктің қызметін басқарады және қажет болған жағдайда оны қоғамдастықтың әкімшілігімен үйлестіреді».
Автономды қауымдастықтардың әрқайсысына сәйкес келетін 17 үкіметтік делегация (өкілдіктер деп аталады), Сеута мен Мелилья қалаларындағы 2 үкіметтік делегация және провинциялардағы 44 үкіметтік субделегация жұмыс істейді. Үкіметтік делегациялар өз аумағында орналасқан бас мемлекеттік әкімшіліктің және оның мемлекеттік органдарының барлық қызметтеріне (интеграцияланған және интеграцияланбаған қызметтер) басшылық пен бақылауды жүзеге асырады. Олар автономды қауымдастық аумағында үкіметті білдіреді.