Испандық сарапшылар Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға талдау жасады

Испандық сарапшылар Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға талдау жасады

Мадрид, 2024 ж. 15 ақпан – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаевтың төрағалығымен саясат, экономика және халықаралық қатынастар саласындағы жетекші сарапшылар қатысқан «дөңгелек үстел» өтті.

Іс-шараға Элькано Корольдік институтының бас сарапшысы Мира Милошевич, IE университетінің профессоры Хосе Луис Эрреро, Кадис университетінің Шығыс Еуропа және Азия зерттеулері орталығының профессоры Андрес Сантана, сондай-ақ Орталық Азия елдері бойынша мамандар, саясаттанушылар Антонио Алонсо, Хосе Луис Орея және Мадрид автономиялық университетінің профессоры Хесус Хиль қатысты.

Орталық Азия елдеріндегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы қызу пікірталас барысында сарапшылар Қазақстанды аймақтағы әр түрлі салалардағы жаңа демократиялық құндылықтарды қалыптастыруға ықпалын тигізіп отырған «үлгі және ізашар» деп атады.

Сондай-ақ Д.Мұсаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қайта құрулар аясында жаңартылған Үкімет алдына қойған негізгі экономикалық міндеттеріне тоқталды. Елші ел басшылығы қазақстандықтардың әл-ауқатының одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде испандық шолушылар «Реформалар мемлекеттің дамуы үшін қажетті динамиканы белгілейді, оның түпкілікті бенефициары елдің әрбір азаматы болады» деп атап өтті.

Қазақ қоғамына тән дінаралық келісім мен толеранттылық туралы бөлек пікірталас қозғалды.

Осы орайда Елші көрнекті дін қайраткерлері қатысатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына тоқталды. Д.Мұсаев жыл сайын осы саладағы өзекті тақырыптарды қарастыратын Съез хатшылығының жұмысына тоқталды.

Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстан Республикасы мен Испаниядағы ішкі саяси жағдай, сондай-ақ халықаралық мәселелер саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.