Қазақстандағы саяси-экономикалық өзгерістер мен алдағы жоспарлар испандық БАҚ назарында

Қазақстандағы саяси-экономикалық өзгерістер мен алдағы жоспарлар испандық БАҚ назарында

Мадрид, 2024 жылғы 30 қаңтар – Қазақстан Елшісі Данат Мұсаев испандық БАҚ өкілдерімен баспасөз брифингін өткізді.

Қазақ дипломаты испандық журналистерді Президент Қ.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатының мазмұнымен егжей-тегжейлі таныстырды.

Іс-шара барысында әңгімелесушілер ҚР-да соңғы жылдары жүргізілген негізгі саяси реформалардың нәтижелерін талқылады. Атап айтқанда, Конституциялық Сот жұмысының қорытындылары, өткен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы, сондай-ақ жақында құрылған Инвестициялық штабтың қызметі көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Тақырыпты жалғастырған Д.Мұсаев жаңа экономикалық бағыт аясында экономикалық өсуді ынталандыру және жүйелі реформаларды жүзеге асыру жұмыстары туралы айтты. Сондай-ақ ол стратегиялық мақсат ретінде 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есеге арттыру міндеті қойылғанын атап өтті.

Елші сонымен қатар биылғы жылы елімізде өтетін бірқатар ірі халықаралық іс-шараларға тоқталды. Журналистерге Астана халықаралық форумы туралы толық ақпарат берілді.

Брифингке қатысушылар Қазақстанның бірнеше беделді халықаралық ұйымдарға – Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына төрағалығы туралы хабардар етілді.

Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу, сондай-ақ Жошы Ұлысының 800 жылдығын тойлау және халқымыздың көрнекті тарихи тұлғалары – Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің және Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойлары, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, белгілі батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы туралы бөлек тақырып қозғалды.

Сөз соңында Д.Мұсаев 2024 жылы Қазақстан мен Испания арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылғанына  15 жыл толатынын ерекше атап өтті. Мерейтой аясында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық сипаттағы түрлі шаралар, соның ішінде испан жоғарғы оқу орындары ректорларының Қазақстанға сапары жоспарланған.