Испанияда Ұлттық күн белгілі скрипкашы Ержан Құлыбаевтың концертімен және қазақстандық суретшілердің көрмесімен атап өтілді

Испанияда Ұлттық күн белгілі скрипкашы Ержан Құлыбаевтың концертімен және қазақстандық суретшілердің көрмесімен атап өтілді

Мадрид. Республика күнін мерекелеу шеңберінде 25 қазанда Елшілік испан астанасының басты концерттік алаңы – Ұлттық музыка аудиториясында алғаш рет өткен Катарина Гурская атындағы Жоғары музыка мектебінің Испандық камералық оркестрінің сүйемелдеуімен танымал скрипкашы Ержан Құлыбаевтың концертін ұйымдастырды.

Іс-шарада қазақ және классикалық музыканың шедеврлері, соның ішінде Құрманғазы, Нағым Меңдіғалиев, Астор Пьяццолла және Антонио Вивальди шығармалары орындалды. Қазақ халық және классикалық музыкасының үйлесімділігі аудиторияға қазақ мәдениетіне еуропалық музыкалық мұрамен үндестікте қарауға көмектесті.

Салтанатты концерт аншлагпен өтіп, оны испан көрермендері үлкен ықыласпен қабылдады. Іс-шараға Испанияның мәдениет және сыртқы істер министрліктерінің, ЮНВТО-ның, дипломатиялық корпустың, бірқатар мәдени ұйымдардың, БАҚ-тың, іскер топтардың, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар концерт аясында Дәурен Қастеев пен Гауһар Балмахаеваның шығармаларының көркемөнер көрмесі ұйымдастырылды. Суреттер экспозициясы қазақ халқының мәдениеті мен тарихын баяндады және нейрографика стиліндегі заманауи өнерді таныстырды.