Мадридте қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына арналған конференция өтті

Мадридте қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына арналған конференция өтті

Мадрид, 2023 ж. 25 қазан – Республика күніне орай Испанияның жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі – СЕУ Сан-Пабло университетінде «Қазақстанның дүниеге келуі: ұлттан мемлекетке» атты конференция өтті.

Іс-шарада Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев, СЕУ
Сан-Пабло университетінің профессорлары Антонио Алонсо және Хосе Луйс Орея сөз сөйледі.

Қазақстандық дипломат өз сөзінде қазіргі Қазақстанның қалыптасу тарихындағы маңызды сәттерге тоқталды. Атап айтқанда, қазақ халқының егеменді ел құру жолында сан ғасырлық күрес жүргізгені туралы егжей-тегжей айтылды.

Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру жолында күрескен негізгі тұлғалардың, оның ішінде Ұлы қазақ хандарының, «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының және басқа да тарихи тұлғалардың рөлі ерекше атап өтілді.

Іс-шараның көптеген қатысушылары өздеріне Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, оның ішінде адамзат тарихындағы қазіргі Қазақстан аумағында жылқыларды алғаш қолға үйрету және көшпенділердің бай мәдени мұрасы туралы қызықты фактілерді ашты.

Сондай-ақ Д. Мұсаев қазіргі таңда Қазақстан халықаралық қатынастардағы сенімді серіктес, Орталық Азияның жетекші экономикасы, сонымен қатар бейбітшілік бесігі, келісім мен тұрақтылық мекені болып табылатынын баса айтты.

Өз кезегінде А. Алонсо мен Х.Л. Орейя Елшінің сөзін Қазақстан Республикасы аумағындағы әртүрлі басқару нысандарының пайда болуына қатысты басқа да маңызды академиялық деректермен толықтырды.

Конференция соңында қатысушылар арасында пікір алмасу болды.