
Кадис қ., 2023 ж. 22 қыркүйек – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Орталық Азия елдеріне арналған «Азия зерттеулері бойынша XI-ші кездесу» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына және «Кадис» Университетінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия халықаралық университеттік орталығының жаңа кампусының ашылуына қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ Испания Сыртқы істер, Еуропалық Одақ және ынтымақтастық министрлігінің Солтүстік Америка, Шығыс Еуропа және Азия елдері бойынша Бас директоры Хавьер Салидо, «Азия үйінің» Бас директоры («Casa Asia», Испания СІМ-нің ведомстволық бағынысты ұйымы) Хавьер Паррондо, «Кадис» Университетінің ректоры Франциско Пиньейа, Испанияның басқа жоғары оқу орындарының өкілдері, Испанияның ҚР-дағы Елшісі Хорхе Урбиола, ғылыми топтардың өкілдері, сондай-ақ студенттер қатысты.
Қазақстандық дипломат өз сөзінде Қазақстан дамуының жаңа кезеңі туралы айтып берді. Атап айтқанда, Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауына сілтеме жасай отырып, Д. Мұсаев Қазақстан мәдениетті, білім мен ғылымды дамыта отырып, ашық заманауи әлемнің бір бөлігі болуға ұмтылуда екенін атап өтті.
Екіжақты ынтымақтастыққа қатысты Елші Қазақстанның Испаниямен және Еуроодақпен қарым-қатынасының стратегиялық сипатын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың гуманитарлық векторының маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы тұрғыда ол тыңдаушыларға Қазақстанның 2029 жылға қарай бүкіл Орталық Азия өңірі үшін білім беру «хабы» болу туралы хабарлады.
Іс-шара барысында Қазақстан Елшісі Кадис қаласының университеттерінде оқитын қазақстандық студенттермен жеке кездесу өткізді.
Айта кететін жайт, бұл алаң Азия елдерін Испаниямен жақындастыру үшін академиялық қоғамда маңызды форумға айналуда, оның жұмысына ОА аймағы сарапшыларының саны артуда.