Қазақстанның Елшісі Андорра Сыртқы істері министріне Сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті

Қазақстанның Елшісі Андорра Сыртқы істері министріне Сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті

Андорра-ла-Велья, 2023 ж. 29 тамыз - Қазақстанның Испаниядағы Елшісі және Андоррадағы қоса атқарушысы Данат Мұсаев Андорра Князьдігінің Сыртқы істер министрі Имма Тор Фаусқа Сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады.

Сапар аясында Елші Князьдіктің сыртқы саяси ведомствосының басшысымен келіссөздер өткізіп, екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».

Д.Мұсаев жаңадан тағайындалған Министрге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді.

Тараптар екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағаннан бері 15 жыл ішінде барлық салалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болатын сындарлы диалогтың орнатылғанын қанағаттықпен атап өтті.

Туризм саласында, соның ішінде тау-шаңғы курорттары бағытында, банк қызметтерін цифрландыру және басқа да салаларда тәжірибемен алмасуға өзара қызығушылық бар екені баса айтылды.

Д.Мұсаев пен И.Тор Фаус Қазақстан мен Андорра арасындағы саяси және экономикалық саладағы әріптестікті тереңдетуге, парламентаралық, мәдени-гуманитарлық диалогты нығайтуға ықпал ететін нақты іс-шараларды талқылады.