Мадрид, 2023 ж. 17 мамыр – Қазақстан Республикасының Испаниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаев Испания Королі VI Фелипеге Сенім грамоталарын тапсырды.
Салтанатты шара барысында монархпен аудиенция өтіп, онда екіжақты қарым-қатынастардың бірқатар өзекті мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.
Д.Мұсаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебізі мен тілектерін жеткізді, сондай-ақ Қазақстан басшысының басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы хабардар етті.
Король өз кезегінде еліміздегі өзгерістерді, Мадрид пен Астана арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың даму қарқынын жоғары бағалап, Президент Қ.Тоқаевқа сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Тараптар маңызды оқиғалар мен жоғары деңгейдегі сапарлармен жылдан жылға нығайып келе жатқан екіжақты байланыстардың стратегиялық сипатына тоқталды.
Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше мән берілді. Осы орайда испандық монарх Елшіге ағымдағы жылдың 30 мамырында Астанада өтетін экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының және Қазақстан-Испания Іскерлік кеңесінің келесі отырыстарын сәтті өткізуді тіледі.
Сонымен қатар Д.Мұсаев Қазақстанның Еуропалық Одақпен стратегиялық өзара іс-қимылын атап өтіп, испан тарапына ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ЕО Кеңесіне табысты төрағалық етуді тіледі.
Қазақстандық дипломат Испанияның Еуроодақ төрағасы ретіндегі рөлі қазақстандық-еуропалық векторды нығайтуға, атап айтқанда, азаматтардың өзара саяхатын жеңілдету саласында маңызды серпін беретініне сенім білдірді.