
Мадрид – Нұр-Сұлтан, 2022ж. 2 наурыз – Қазақстан-Испания парламентаралық ынтымақтастық тобы онлайн консультациялар өткізіп, оның барысында екі елдің парламентшілері екіжақты қарым-қатынастар мен парламентаралық байланыстардың өзекті мәселелері бойынша пікірлерімен алмасты.
Сапалы диалог пен сындарлы пікір алмасуға қатысушылардың өкілдік құрамы ықпал етті.
Қазақстандық тараптан кездесуге ынтымақтастық тобының тең төрағасы, Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан және Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов қатысты.
Испания делегациясын топтың тең төрағасы, Сенаттың халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Антонио Гутьеррес Лимонес басқарды. Оның құрамына Комитет төрағасының орынбасарлары Мария Монсеррат пен Дэвид Муньос, сондай-ақ әртүрлі саяси партиялардың өкілдері болып табылатын басқа да бірқатар парламентшілер кірді.
Тараптар консультациялар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 30 жылдығына (11 ақпан) орайластырылғанын атап өтті және 2009 жылғы 2 шілдеде қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы келісім саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастықтығ серпінді дамуларының «өте жақсы деңгейінің» негізі болып табылатынын растады.
Пандемияға қарамастан, өткен жыл да өте қарқынды болды. Нұр-Сұлтанда Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялар, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Испанияға ресми сапары, сондай-ақ Мадридте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің кезекті отырыстары өтті.
Қазақстандық-испан диалогында парламентаралық байланыстар маңызды орын алатыны ерекше атап өтілді. 2021 жылы Венадағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Испания Депутаттары Конгресінің төрағалары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Испания Сенаты Спикерімен кездесулері, сондай-ақ Мадридте парламенттердің төменгі палаталарының халықаралық қатынастар жөніндегі комитеттері деңгейіндегі консультациялар. Парламентаралық ынтымақтастықтың өкілді тобы құрылды.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың локомотиві болып табылатынын мәлімдеді. Ол әскери-көліктік, теміржол, агроөнеркәсіптік және тау-кен өнеркәсібінде, денсаулық сақтау, қалдықтарды өңдеу секторы, логистика және т.б. салаларда табысты дамып келеді. Жаңартылатын энергия көздері мен инфрақұрылым саласында үлкен перспективалар бар.
Депутаттар екі ел парламенттерінің ішкі саяси жағдайы мен заң шығару қызметін талқылады. А.Гутьеррес атап өткендей, Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысты бірқатар басылымдарда біржақты баға бергенін ескере отырып, қазақстандық әріптестердің көзқарасын бірінші ауыздан тыңдау маңызды болды.
А.Құспан өкінішке орай жазықсыз адамдардың зардап шеккен бұл оқиғалардан терең талдау жасап, тиісті сабақ алу керектігін атап өтті. Құзырлы органдар қарулы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен тонаушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту үшін тергеу амалдарын жүргізуде. Бұл жұмыс заң аясында іске асып, Бас прокуратураның және Президенттің жеке бақылауында.
Испания парламентшілері Президент Қ.Тоқаев бастаған саяси реформалардың үш пакетін жоғары бағалап, «Жаңа Қазақстан» құрылысына сәйкес саяси жаңғырту саласындағы одан әрі қадамдарға қызығушылық танытты.
Тараптар Украинадағы жағдайдың дамуы жөнінде пікірлерімен алмасты. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы А.Құспан Қазақстан қақтығысты келіссөз үстелінде мүмкіндігінше тезірек бейбіт жолмен реттеуді жақтайтынын және қажет болған жағдайда бұл үшін жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Испания Сенаты Сыртқы істер комитеті төрағасының бірінші орынбасары М.Монсеррат Испания мен Қазақстан арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, сондай-ақ Қазақстандағы Сервантес институтының жұмысын ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Консультациялар барысында ынтымақтастықтың оң сипаты мен түрлі парламенттік ассамблеялар аясындағы өзара қолдаудың келешегі атап өтілді.
Парламентаралық диалогты одан әрі нығайту мақсатында келесі кездесуді дәстүрлі форматта өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесуге Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Константин Жигалов пен Испанияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хорхе Урбиола қатысты.
Консультациялар соңында К.Жигалов А.Гутьерреске Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.