
Мадрид, 2022 ж. 14 қаңтар – Қазақстанның Мадридтегі Елшісі Константин Жигалов Испанияның халықаралық және жаһандық істер жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Анхелес Морено Баумен кездесті.
Испания Сыртқы істер министрлігіне Қазақстандағы соңғы оқиғалар мен ағымдағы жағдайды түсіндіретін бұрын жолданған материалдарға қосымша, Елші Мемлекеттік хатшыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық өмірді жедел қалыпқа келтіру бойынша қабылдап жатқан шаралары, Мемлекет басшысының елдегі жүйелі қайта құруларға қол жеткізу үшін жаңадан құрылған Үкіметтің алдына қойылған міндеттер туралы хабардар етті. Бұл ретте ол Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Парламентінде сөйлеген сөзінің негізгі месседждеріне тоқталды.
Елдегі жағдай тұрақталып, өңірлердегі төтенше жағдай кезең-кезеңімен алынып, лаңкестік әрекет жағдайында Қазақстанға дер кезінде көмек көрсеткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер контингенттерінің шығарылуы Президент Қ.Тоқаев белгілеген мерзімде жүзеге асырылып жатқаны анық айтылды.
А.Морено Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі нәтижелі іс-әрекетін қошеметтеп, бүкіл елдің тезірек қалыпты өмірге оралуына үміт білдірді.
К.Жигалов пен А.Морено екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге де тоқталды. Өткен жыл Қазақстан-Испания қарым-қатынастары үшін өте қарқынды және құнарлы болғаны атап өтілді. Қазақстан астанасында Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялар, Премьер-Министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің Мадридке іс-шараларға бай ресми сапары, Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің кезекті отырыстары өтті. Парламентаралық байланыстардың дамуы айтарлықтай серпін алды.
Тараптар дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толатын жылдағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарларын, соның ішінде сапарлармен алмасу және шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейтуді талқылады.