
Белгілі болғандай, Қазақстан бірнеше жылдар бойы С295 әскери-көлік ұшақтарын пайдаланудағы және осы үлгідегі әуе кемелерін сатып алу бойынша көшбасшылар үштігіне кіреді. 2016 жылы Қазақстан астанасында Ан және С295 үлгісіндегі ұшақтарға қызмет көрсету жөніндегі авиациялық-техникалық орталық ашылды.
Airbus компаниясымен табысты ынтымақтастықтың қисынды жалғасы ретінде Қазақстанның жоғары сыныпты - A400M ұшақтарын сатып алу мүмкіндігі туралы мазмұнды келіссөздер жүргізу болды. Пандемияға қарамастан, 2020 жылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтанда Қазақстан Үкіметінің басшылығына А400М ұшу сипаттамаларының тұсаукесері өтті. Ағымдағы жылдың маусым айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі А.Сәрсембаевтың басшылығымен қазақстандық делегация әскери-көлік ұшақтарының екі моделі шығарылатын Испанияға сапармен барды. Кездесулер барысында келіссөздер процесін сәтті аяқтау үшін маңызды келісімдерге қол жеткізілді.
Шілде айында Испанияға ресми сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Мадридтегі «Airbus» өндірістік алаңы мен халықаралық тренинг орталығына барды.
Ү.ж. 1 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктері үшін екі А400М ұшағын сатып алу туралы келісімге, сондай-ақ Орталық Азия аумағында әскери және азаматтық ұшақтарға қызмет көрсету жөніндегі техникалық сервистік орталық құру бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды, бұл Қазақстан мен Airbus арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығарды.
Қол қою рәсімінде қазақстандық тарапты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Airbus делегациясын – концерн Вице-президенті Альберто Гутиеррес басқарды. Airbus басшылығын Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин қабылдады.
Тараптар Қазақстанда «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС базасында концерн шығаратын әскери және азаматтық әуе кемелеріне қызмет көрсету мен жөндеудің сертификатталған Өңірлік орталығын құру жөніндегі жобаны іске асыруды талқылады.
Келіссөздер барысында "СП Ғалам" ЖШС бірлескен кәсіпорнының өнімін Airbus өндірістік тізбегіне қосу, сондай-ақ концерннің ұшақтарын өндіру үшін қазақстандық шикізатты жеткізуді ұлғайту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Алғашқы А400М ұшағын жеткізу 2024 жылға жоспарланған. Airbus қорғаныс-ғарыш бөлімшесінің басшысы М.Шоллхорнаның айтуынша, «A400M Қазақстанның стратегиялық және тактикалық көлік операцияларының іргетасы болуға арналған».