
2021 жылғы 10 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысы онлайн форматта өтті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемдік сауданың құлдырауы Қазақстанды да айналып өтпегенін атап өтті. Былтыр еліміздің сыртқы тауар айналымы 85 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмен.
Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының экспорты 2,8 пайызға ғана төмендеп, 15 миллиард долларды құрады. Биылғы дағдарыс кезінде біз шетелден 18 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарта алдық. Былтыр шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын 41 инвестициялық жоба іске асырылды. 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемдік экономиканың қайта қалпына келуіне орай Қазақстан да экономикалық өсімнің қарқынын үдетеді. Үкіметтің болжамы бойынша 3,5 пайызға дейін өсім болуы керек, біз одан да жоғары көрсеткіш күтеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның экономикалық моделі экспортты экономикалық дамудың маңызды факторы ретінде қарастырады. Еліміздің өңдеу өнеркәсібінің қосымша экспорттық әлеуеті 10 миллиард долларға, сондай-ақ, қызмет көрсету саласындағы экспорттық әлеуеті де 10 миллиард долларға бағаланады. Шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 2025 жылға қарай 41 миллиард долларға дейін арттыру орта мерзімдегі мақсат саналады.