Ұлы Отан соғыстағы Жеңістің 76 жылдығына орай

Ұлы Отан соғыстағы Жеңістің 76 жылдығына орай

2021 жылғы 9 мамырда адамзат тарихындағы ең қатал және қанды соғыстың аяқталғанын айқындайтын Ұлы Отан соғыстағы Жеңістің 76 жылдығы атап өтіледі.  Қазақстанда Жеңіс күні - бұл мемлекеттік мейрам, барлық қазақстандықтар үшін ерекше құрметті күн.

Қазақстан басқа бауырлас халықтармен бірге фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты.  Майданда миллион екі жүз мың қазақстандық (республиканың әрбір төртінші тұрғыны немесе 18 жастан 50 жасқа дейінгі ерлер санының 70%) соғысқан, олардың жартысы майданда қаза болды.  Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полк пен батальон құрылды.

Қазақстандықтар майдан қақтығыстарында ерлікпен шайқасты, Ұлы Жеңіс үшін 600 мыңға жуық сарбаздар мен офицерлер өз өмірлерін қиды, 500-ден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Біздің жерлесіміз лейтенант Рахымжан Қошқарбаев  және қатардағы жауынгер Григорий Булатов 1945 жылғы 30 сәуірде Берлин Рейхстагында жеңіс туын көтерген алғашқы әскерилер болды.

Қазақстан майданды қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарды.  Республикада 460 зауыт, фабрикалар, шахталар және басқа да өндіріс орындары құрылды, мыстың 35% және қорғасынның 83% ерітілді, кеншілер соғыс жылдарында 35 миллион тонна көмір өндірді, мұнай өндіру 39% өсті.  Біздің еліміз оккупацияға ұшыраған аумақтардан 532 мыңнан астам адамды және 2,5 миллион мәжбүрлеп жер аударылған азаматтарды қабылдады.

Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге үлкен қамқорлықпен қарайды. 2020 жылдың мамыр айында әлеуметтік қолдау көрсетудің ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін анықтайтын «Ардагерлер туралы» заң қабылданды. Бүгінгі күні Қазақстанда тұратын Ұлы Отан соғысының 665 қатысушысы ғана қалды.

Екінші дүниежүзілік соғыс КСРО-ның басқа халықтарымен және антигитлерлік коалициямен бірге соғыс уақытындағы барлық ауыртпалықтар мен қиыншылықтарды өз мойнында көтерген Қазақстан үшін үлкен сынақ болды. Біздің елімізде Еуропа және бүкіл әлем халықтарының ерлігі, бізбен бірге нацизмді жеңіп, болашақ ұрпаққа бейбітшілік сыйлаған барлық елдер жоғары бағаланады.