
Бүгін, 2021 ж. 11 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 29 жыл толуда.
Осы уақыт ішінде екіжақты қатынастарда үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін қуанышпен атап өтемін. Оның басты дәлелі - 2009 ж. шілдесінде қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы келісім.
Стратегиялық байланыстарды нығайтудың негізі - жоғары және аса жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлармен алмасу, заңнамалық базаны дамыту, екіжақты сауданың тұрақты көлемі, сонымен қатар халықаралық құрылымдар шеңберінде өзара қолдаудың қалыптасқан тетігі болды.
Сыртқы істер министрлерінің тұрақты кездесулері ірі форумдар шеңберінде өткізіліп, Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялар орын алуда. Өткен жылы індет жағдайында Сыртқы істер министрлері үнемі телефон арқылы байланыста болды.
Ынтымақтастықты кеңейту мақсатында бізде Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) және Іскерлік кеңес секілді тиімді құралдар бар. Олардың кездесулері 2021 ж. Мадридте өтеді деп күтілуде.
Қазіргі кезде ынтымақтастықтың басым секторларына мыналар жатады: көлік инфрақұрылымы, жаңартылатын энергия, қоршаған орта, агроөнеркәсіптік сектор, биотехнология, фармацевтика, құрылыс, машина жасау, цифрлық технологиялар, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, автомобиль компоненттерін шығару, станок жасау, металл өңдеу және электротехника.
Цифрландыру мен ақылды қала саласында үлкен әлеует бар. Біз Испаниядан озық сандық технологияларды тартуға мүдделіміз. «Fira de Barcelona» басшылығымен 2021 жылы Нұр-Сұлтанда Азия өңірі елдері үшін «Smart city Congress» өткізу туралы келісім жасалды.
Соңғы жылдары мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айтарлықтай жандана түсті. Испанияда Қазақстанның ірі шығармашылық топтарының - «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің қойылымдары өтті. Қазақстандық фильмдер жыл сайынғы Барселона кинофестивалінде сәтті көрсетілімдерін жасауда.
2019 ж. қыркүйегінде Мадридте Сервантес институтында испан тіліндегі Заманауи қазақ прозасы мен поэзиясының антологиясының салтанатты презентациясы ұйымдастырылды, оған алпыстан астам қазақстандық авторлардың аудармалары кірді. Осы жылдың үлкен оқиғасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының испан тілінде басылуы болды.
Осылайша, қазақстандық-испан қатынастары дәйекті және қарқынды дамып келеді. Мен болашақта Нұр-Сұлтан мен Мадрид арасындағы сындарлы диалог маңызды практикалық мазмұнмен, өзара тиімді жобалармен, тиімді бірлескен кәсіпорындармен, маңызды мәдени іс-шаралармен және туристік ағындарды кеңейтумен толыға түсетініне сенімдімін.
Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі
Төтенше және Өкілетті Елшісі
Константин Жигалов