
Мадрид пен Валенсияда Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралардан кейін эстафетаны Каталония астанасы қабылдады.
Ағымдағы жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Барселонадағы Консулдығында өткен іс-шараны Консул Ринат Дюсембаев пен Барселона кинофестивалінің жетекшісі, Casa Asia (Азия Үйі) мәдениеті мен экспозицияларының директоры, жазушы және кинотанушы Менене Грас ашты.
Испандық қонақтарды, Қазақстаннан келген студенттерді, қазақстандық балаларды асырап алған отбасыларды және басқаларын біріктірген көрермендерге Абайдың шығармашылығы мен жеке басының біздің елдің мәдени және рухани өмірін дамытудағы рөлі туралы ақпарат берілді. Қонақтарға испан тіліне Абайдың «Қара сөздері» және Президент Қ.Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» брошюрасы ұсынылды.
Іс-шара аясында концерт өтті, онда Абайдың шығармалары – «Көзімнің қарасы» мен «Айттым сәлем, Қаламқас», сондай-ақ басқа да танымал қазақ әуендері орындалды.
Профессор Менене Грас өз сөзінде испан көрермендерінің Абай шығармашылығына (жақында оның бейнесі бейнеленген пошта маркасы Испанияда шығарылды) және жалпы қазақстандық мәдениетке, оның ішінде Casa Asia мен Қазақстан Республикасының Консулдығы қолдап отырған Барселонада жыл сайынғы Барселоналық Азия кинофестиваліне сәтті қатысатын заманауи қазақстандық фильмдерге деген үлкен қызығушылығын атап өтті.