
Валенсия, 2020 ж.7 желтоқсан - Валенсияның орталық кітапханасында және осы Испания автономиясының астанасында орналасқан «Жібек мұражайында» қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар өтті.
Испан тіліне аударылған «Абайдың сөздері» кітабын және Президент Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» кітапшасын таныстыра отырып, Қазақстан Республикасының Испаниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Константин Жигалов тыңдаушыларға біздің еліміздің өміріндегі Абайдың шығармашылығы мен жеке тұлғаның мәдени-рухани дамудағы рөлі, ақынның 175 жылдығын тойлауға арналған ЮНЕСКО аясындағы ауқымды іс-шаралар туралы ақпарат берді.
Салтанатты жағдайда 17 ғасырда құрылған Испаниядағы ең ірі кітапханалардың бірінің қорына, испан тіліндегі басылымдар, оның ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі», «Қазақстандық жол», «Әлем эпицентрі», Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, Президент Қ.К.Тоқаевтың «Қазақстан жаңа шындықта: іс-қимыл уақыты» атты жолдауы, сондай-ақ қазақ поэзиясы мен прозасының антологиялық жинақтары және Қазақстанның ежелгі және жаңа тарихына арналған шығармалар ұсынылды.
Елші К.Жигалов Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «қазақстандық жолын» қамтамасыз етуге және біздің еліміздің дамыған мемлекетке айналуына қосқан орасан зор үлесін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бітімгерші және саясаткер ретіндегі қызметіне тоқталып, оның ауқымды бастамалары әлемдік қауіпсіздікті құруға көпшілік мойындаған үлес қосқанын атап өтті.
Өз кезегінде испан тарапы Сервантес тіліндегі Қазақстан туралы кітаптарды Валенсия кітапханасына беру алғашқы рет жүзеге асырылып жатқанын баса айтты. Алынған басылымдар испан оқырмандарының Қазақстан туралы білімдерін кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз.
Валенсиядағы «Жібек мұражайында» өткен іс-шарада сөз сөйлеген ЮНЕСКО-ның Халықаралық Жібек Жолы желісінің президенті, беделді испандық саясаткер Х.М.Чикийо «ЮНЕСКО аясында Абайдың 175 жылдығын атап өту - бұл қазақ жазушысының тарихи мұрасының маңыздылығын бүкіл әлемде мойындау» деп атап өтті.
Архивтер, кітаптар, эскиздер коллекциясы мен ғасырлар бойы жасалған жібек бұйымдарының үлгілері бар мұражайға келушілер бұдан былай Ұлы Жібек жолының негізгі бағдарларына енген Сайрам, Яссы, Отырар, Тараз сияқты қалалардың жері Қазақстан тарихы туралы кітаптармен таныса алады.