«Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларын ресімдеу, шақыруларын келісу, Қазақстан Республикасының визаларын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 24 қарашадағы № 11-1-2/555 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 28 қарашадағы № 1100 бірлескен бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Атап айтқанда, Қағидаларға келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:
- «Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 25 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасының Ішкі істер, сыртқы істер министрліктері және шет елдердегі мекемелерімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі (стандарттар мен регламенттер) айқындалды;
- Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында визаларды беру өкілеттігі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне берілді;
- электронды виза беру тәртібі нормативті түрде бекітілді. Бір мәртелі іскерлік, туристік және емделуге арналған визаларды электрондық форматта ала алатын 109 елден тұратын тізім кеңейтілді және бекітілді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту Қазақстан Республикасының барлық халықаралық әуежайларда жүзеге асырылады;
- бұрынғы отандастарға өтініш негізінде 3 (үш) жылға дейінгі мерзімге жеке сапарға арналған көп мәртелі визаларды алуға құқық берілді;
- инвесторлар үшін визалардың қолданылу мерзімі 3 (үш) жылдан 5 (бес) жылға дейін ұлғайтылды;
- «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 30 желтоқсандағы Конституциялық заңын іске асыру мақсатында, «Астана» халықаралық қаржы орталығының» инвестициялық резиденттеріне виза беру тәртібі айқындалды;
- бизнес-көшіп келушілерге шақыру ресімдеу барысында Қазақстан Республикасының облысының, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қолдаухатын көші-қон қызметі органдарына ұсыну талабы алынып тасталды;
- Қазақстан Республикасының аумағында «В10» (жеке), «С3» (жұмыс) және «С9» (білім беру) визаларының санаттарын «С2» санатындағы (отбасын біріктіру) визасына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған;
- Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы уәкілетті органының жазбаша келісімі болған жағдайда, Қазақстан Республикасында миссионерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдіктерге «С7» санатындағы визасын ұзартуға шектеу алынып тасталды (бұған дейін Қазақстан Республикасының аумағында бұл визаның бір рет қана ұзартылуына жол берілген).
Аталған өзгерістер мен толықтырулар 2020 жылғы 18 қыркүйектен бастап күшіне енеді.