Қазақстан қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР Халық суретшісі, Ш. Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы аталып өтуде.
Аса көрнекті кескіндемеші, график - қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеевтің картиналары өзіндік стилімен және туған жеріне деген сүйіспеншілігімен ерекшеленеді. Суретші 1100-ден астам туындылар жасады.
Қайталанбас қолтаңбасы бар дарабоз суретшінің артында үш мыңнан астам түрлі жанрдағы картиналар қалды. Ол - қазақ көркемсурет өнерінің баға жетпес қазынасы саналады. Әбілхан Қастеев 1904 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Жаркент қаласының маңындағы Шежін ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айрылған ол, бозбала шағынан қара жұмысқа жегіліп, байдың жалшысы болып жұмыс істейді. Сол кездің өзінде-ақ, бойындағы ерекше талантымен көзге түсе бастайды. Ағаш жонып, темірді иіп түрлі бейнелер жасайды. 1927 жылы Әбілхан Қастеев қатарластарымен бірге Түрксіб темір жолының құрылысында еңбек етеді. Өмірінің бұл кезеңін бейнелейтін «Түрксіб» картинасы кейін суретшінің шоқтығы биік туындыларының біріне айналды.