
ЛОНДОН, 2020 жылғы 6 мамыр – Британ-Қазақстан қоғамының (БҚҚ) ұйымдастыруымен өткен вебинарда қазақстан-британ қарым-қатынастарындағы «жұмсақ күшті» қолдану тәжірибесі және перспективалары талқыланды.
Шараның басты спикерлері Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі «Жұмсақ күш» және сыртқы байланыстар департаментінің жетекшісі Пол Браммелл (Ұлыбританияның Қазақстандағы 2005-2009 жж. аралағындағы бұрынғы елшісі), Британ Кеңесінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Роуэн Кеннеди, сондай-ақ БҚҚ Төрағасы Руперт Гудман болды.
Белгілі америкалық саясаткер Джозеф Най «жұмсақ күш» ұғымын 1980 жылдардың соңында енгізіп, оны елдердің өзге мемлекеттердің тәртібіне мәжбүрлеп емес сендіру және ынтымақтастық орнату арқылы ықпал ету деп түсіндірген болатын. Найдың теориясына сәйкес «жұмсақ күштің» үш тірегі бар: құндылықтар, мәдениет және сыртқы саясат.
Елші Е.Ыдырысов өз сөзінде «жұмсақ күшті» қолданудың басты ақырғы мақсаты ортақ игілікті (global public good) қамтамасыз етіп, ілгерілету және халықаралық сенімді нығайту екендігін айтты.
Ол сондай-ақ Қазақстанның жастығына және бұл саладағы тәжірибесінің аздығына қарамастан Лондондағы «жұмсақ күш» бойынша жақында өткен бірінші саммитінде «Brand Finance» компаниясы осы жылы алғаш рет жасаған әлемнің 100-ден астам елдер арасынан осы саладағы ең табысты елдердің рейтингі бар «Жұмсақ күш» жаһандық индексіне енгенін (топ 60-тан 58-ші орын) атап өтіп, бұл еліміз үшін өте табысты екенін айтты.
Қазақстандық дипломат мемлекетіміз зор жетістікке жеткен «жұмсақ күштің» құрамдас бөліктері туралы айта отырып, антиядролық мәселелер бойынша елдің белсенді және танылған ұстанымына, жаһандық және өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бітімгершілік қызметтегі елдің дәйекті күш-жігеріне (Таулы Қарабах, Иран ядролық бағдарламасы, Ауғанстан, Украина, Түркия, Сирия) ерекше тоқтады. Осылайша мемлекетіміз халықаралық қауымдастық сенімінің нығаюына қол жеткізгендігін хабарлады.
Е.Ыдырысов Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық еткен посткеңестік кеңістіктегі бірінші мемлекет болғандығын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде сайланған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет екендігін мысал ретінде келтірді.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділікті білдіретін төрт «Т» (Trust, Traditions, Transparency and Tolerance) принципіне негізделді. Қазақстандық дипломаттың пікірінше бүгінгі дағдарыс, текетірес пен сенім тапшылығы, жағымды «жұмсақ күш» емес, фейк-ньюс пен насихаттау мәдениетін тарату заманында барлық мемлекеттер өз іс-әрекеттерінде осы принциптерге сүйенуі керектігін айтты.
«Біз үшін тағы бір ірі сала – Қазақстанның жаһандық және аймақтық деңгейде әлем картасында белсенді және сенімді жаңа субъект ретінде қалыптасуға әрекет етуі. Біз – жаңа қоғамбыз, сондықтан тез өсетін социум ретінде, заманауи, толыққанды, болашаққа ұмтылған ұлт ретінде дамығымыз келеді», – деді ол.
Қазақстанның «жұмсақ күш» саласындағы табысты құралдары ретінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығын, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін, «Болашақ» халықаралық шәкіртақысын, сонымен қатар Димаш Құдайберген, Геннадий Головкин, Марат Бисенғалиев және Тимур Бекмамбетов сияқты Қазақстанның әлемге әйгілі мәдениет елшілерін атап өтті.
Е.Ыдырысов «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық бағдарламаларына назар аударды. Олардың басты мақсаты – Қазақстанның тарихи мұрасын, көшпелілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесін, әсіресе бүгінгі экологиялық дағдарыс жағдайында өзекті болатын «адам мен табиғат теңгерімі» философиясы мен мәдениетін әлемдік қоғамға жеткізу болып табылады.
П.Браммелл өз кезегінде Ұлыбританияның өзге мемлекеттермен табысты қарым-қатынас орнатып, өз мүдделері мен құндылықтарын ілгерілетуде қолданып жатқан «жұмсақ күш» құралдары туралы айтып өтті.
«Жұмсақ күш» британиялық Форин-офис жұмысында ойып орын алады. Мен осы мәселемен айналысатын департаментке басшылық жасаймын. Бұдан бөлек, біз Британиялық Кеңеске демеушілік етеміз, Чивнинг және Маршалл шәкіртақыларын, сондай-ақ Би-би-си Бүкіләлемдік қызметінің 2020 бағдарламасын қаржыландырамыз», – деді ол.
Ол сонымен қатар «жұмсақ күшті» ұтымды қолдану құралдарының қатарында Ұлыбританияның шет мемлекеттердің дамуына көмек көрсетуі де кіретініне баса назар аударды. Кейбір сарапшылар бұл құралды қатаң күш ретінде қабылдайды, бірақ Ұлыбритания оны «жұмсақ күш» ретінде қарастырады. Өйткені ол Ұлыбританияны өз мүддесі үшін ғана емес ортақ мүдде үшін де әрекет ететін абыройға бөлейді.
Р.Кеннеди Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы достық қарым-қатынасты ілгерілетудегі Британиялық Кеңестің қызметіне кеңінен тоқтады. Қазақстандық өкілдіктің негізгі жұмыстарының бірі білім беру. Оның ішіне ағылшын тілін тестілеу және оқыту, оқытушыларға білім беру, Қазақстан халқының әлеуметтік дағдыларын және шығармашылық әлеуетін дамытуға атсалысу кіреді.
«Біздің барлық бағдарламаларымыз Ұлыбританияның мәдени қорларын бірінші кезекте «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілгендей ҚР ұлттық мақсаттарын қолдау үшін тартуға бағытталған», – деді Р.Кеннеди.