
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
«Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда 5 700-ден астам қазақстандық студент білім алды. 2024 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша Ұлыбританияда 297 стипендиат оқып жатыр, олардың ішінде 123-і магистратурада, 64-і докторантурада, 21-і тағылымдамадан өтуде, ал 89-ы ғылыми тағылымдамада.
2001 жылдан бері Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) жұмыс істейді, оның серіктестері Ұлыбританияның жетекші университеттері болып табылады.
Назарбаев Университетінде University College London-ның қолдауымен университеттік білім алуға дайындық бағдарламасы жүзеге асырылуда.
2021 жылдың 27 сәуірінде Алматыда De Montfort Университетінің кампусы ашылды.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында Heriot-Watt университетінің филиалы ашылды. Оқыту үш білім беру бағдарламасы бойынша басталды – «Мұнай-газ ісі», «Электр энергетикасы», «Есептеуіш техника».
2022 жылдың 11 қыркүйегінде Лондонда Еуразия шығармашылық гильдиясының қолдауымен мемлекеттік қайраткер, ағартушы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушысы Ә.Байтұрсынұлының
150 жылдығына орай конференция ұйымдастырылды.
2023 жылғы 30 қаңтар – 2 ақпан аралығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек Ұлыбританияға іссапармен барды.
2023 жылғы 18 наурызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының саябағында Патшайым Елизавета II-нің атындағы алаң ашылды. Ашылу салтанатына Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі
Дж. Клеверли қатысты.
2024 жылғы 24-26 қаңтарда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев бастаған делегациялар «Bett UK 2024» халықаралық білім көрмесіне қатысу шеңберінде Ұлыбританияға сапармен барды. Делегация құрамында Қазақстанның жоғары және орта оқу орындарының басшылары да болды. Сапар аясында Оксфорд университетінде тұңғыш қазақ-ағылшын сөздігінің тұсаукесері өтті.
2024 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында «Coventry University» филиалы ашылды.
2024 жылғы 24-26 қаңтарда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев бастаған қазақстандық делегацияның Ұлыбританияға сапары, сондай-ақ 2024 жылғы 24-25 сәуірде Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Д.Кэмеронның Қазақстанға сапары нәтижесінде білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды құжаттарға, соның ішінде 2025 жылдың 1-тоқсанында Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту курстарын іске қосу туралы келісімдерге қол қойылды.
2024 жылдың 6-15 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ұлттық сирек кітаптар және қолжазбалар орталығының делегациясы Қазақстан тарихына қатысты мұрағаттық құжаттарды зерттеу мақсатында Ұлыбританияға сапар жасады.
2024 жылдың наурыз айынан бастап Ұлыбританияда Қазақ мәдени орталығы жұмыс істей бастады.
2025 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында Кардифф университетінің кампусын ашу жоспарлануда. Кампуста бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде білім беру іске асырылып, педагогика, инженерлік пәндер, IT, геология, жаңартылатын энергия көздері және тау-кен өндірісі сияқты өзекті бағыттар қамтылады.
Қазақстанда британдық жеке меншік мектептер «Haileybury» (Астана және Алматы қалаларында) және «Ardingly College» (Астана қаласында) жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2026 жылы Алматы қаласында «Charterhouse School» ашу жоспарланған.