Қазақстан-Португалия қатынастарының күн тәртібінде өңіраралық ықпалдастық

Қазақстан-Португалия қатынастарының күн тәртібінде өңіраралық ықпалдастық

Виана ду Каштелу и Гимарайнш, 2024 жылғы 25-26 шілде - ҚР Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев екі ел өңірлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Португалияның солтүстік муниципалитеттері – Виана ду Каштелу и Гимарайншке жұмыс сапармен барды.

Бұл өңірлердің басшылары Луиш Нобре және Домингуш Брагансамен келіссөздер өзара байланыстарды, көлік логистикасын және сауда қатынастарын нығайтудың өзекті мәселелерін қамтыды. Португал тарапы екіжақты қатынастардағы оң үрдістерді атап өтіп, Қазақстандағы іскерлік ахуалға жоғары баға беріп, бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылығын растады.

Гимарайнш Бизнес және инновациялар орталығында ҚР Елшісі және осы ұйымның басшысы Р.Қоштаның бірқатар өңірлік компаниялардың басшыларымен бірлескен кездесуі өтті. Онда португалдық кәсіпкерлер АХҚО платформасы мен арнайы экономикалық аймақтарды қоса алғанда, Қазақстан ұсынатын артықшылықтармен танысты.

Елші Д.Батырашев Инвестициялық штаб пен Цифрлық платформа сияқты ҚР инвестициялар саласындағы жаңа тетіктерді таныстырды. Салалық жеңілдіктер мен преференцияларды қоса алғанда, инвестицияларды қолдау құралдарын тиімді пайдалану мәселесі қарастырылды. Ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты уақтылы жандандыруға және болашақ жобалар үшін перспективалық бағыттарды анықтауға баса назар аударылды.

Гимарайнш Бизнес қауымдастығының президенті Руи Диашпен кездесу барысында елдің солтүстік өңірлерінің кәсіпкерлері мен қазақстандық компаниялар арасында шағын және орта бизнес саласындағы жобаларды бірлесіп іске асырудың маңыздылығы атап өтілді. ҒЗТКЖ қажеттіліктеріне бағдарланған ғылыми-практикалық қызметтердің кең спектрін ұсынатын «Полимерлік инженериядағы инновациялар полюсі» қауымдастығының (PIEP) мүшелері қазақстандық ғылыми және инновациялық орталықтармен ынтымақтастыққа терең қызығушылық танытты.

Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдету үшін перспективалы салалар мен әлеуетті жобалар Виана ду Каштелу Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Мануэл Жуниормен және оның мүшелерімен кездесуде қарастырылып, палата мүшелері белсенді өзара іс-қимылға және бастамаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Сапардың маңызды бөлігі туристік ынтымақтастықты дамыту туралы келіссөздер болды. Туризм және мәдениет жөніндегі өңірлік ұйымдардың басшыларымен кездесулер қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға, сондай-ақ оларды «Туризм және саяхат» Халықаралық көрмесі және 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сияқты Қазақстанда өткізілетін маңызды халықаралық іс-шараларға қатысуға шақыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Қазақстанда туризмді ілгерілету үшін португалдық тәжірибе мен табысты тәжірибелерді қолдану мүмкіндігі талқыланды.

Сапар қорытындысы бойынша екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, әріптестік қатынастарды нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тараптар компаниялар арасында тікелей байланыс орнатуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге одан әрі жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдірді.