KAICIID Бас хатшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының отырысына қатысады

KAICIID Бас хатшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының отырысына қатысады

Лиссабон, 2024 жылғы 5 шілде – Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев Халықаралық дінаралық және мәдениетаралық сұхбат орталығының (KAICIID) Бас хатшысы Зухайр Альхартимен кездесіп, дінаралық және конфессияаралық салалардағы ықпалдастық, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілету мәселелерін талқылады.

Д.Батырашев Қазақстандағы ішкі саяси ахуал, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың отандық тәжірибесі туралы, елдегі және тұтастай қоғамдағы елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бағытталған ауқымды саяси реформалар туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат З.Альхартиге 3-4 шілдеде Астана қаласында 16 елдің Мемлекет және Үкімет басшыларының қатысуымен өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының «ШЫҰ+» форматындағы саммиттің қорытындылары туралы айтып берді.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің атынан KAICIID Бас хатшысына ағымдағы жылдың қазан айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының отырысына қатысуға шақыруды тапсырды.

Зухайр Альхарти Қазақстанның өзара түсіністік, бейбітшілік пен ұлттық бірлікті ілгерілету жөніндегі күш-жігерін, сондай-ақ елімізідң жетекші рөлін және оның дінаралық және конфессияаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалап, шақыруды ризашылықпен қабылдады және Хатшылықтың жұмысына өзінің қатысуын растады.

Анықтама: KAICIID Халықаралық дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығын Сауд Аравиясы, Испания, Австрия құрған және Ватикан басты бақылаушысы болып табылатын халықаралық үкіметаралық ұйым. Құрылымның басты міндеті-әлемдегі қақтығыстардың алдын алу, оларды жою мақсатында әлемдік деңгейде дінаралық және мәдениетаралық диалогты ынталандыру болып табылады. Ұйымның Штаб-пәтері Лиссабонда (Португалия) орналасқан.