
Брага, 2024 жылғы 15-16 мамыр - Жерорта теңізі Парламенттік Ассамблеясының (ЖТПА) Бас хатшысы Серджио Пьяцидің шақыруымен Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев Португалия Республикасы Парламентінің қолдауымен Брага қаласында өткен осы ұйымның 18-ші Пленарлық сессиясының жұмысына қатысты.
26 қатысушы мемлекет, 25 халықаралық ұйым және 10 дипломатиялық миссиялардың арасынан 250-ден астам қатысушы жиналған іс-шараны Португалия Республика Ассамблеясының Президенті Жозе Педру Агияр-Бранку ашты. Өз үндеуінде ол қақтығыстар мен климаттың өзгеруі салдарынан туындайтын адамзаттың өзекті мәселелерін шешуде сұхбат пен өзара әрекеттесу қажеттілігін атап өтті.
Португалияның Президенті Марселу де Соуза бұл жиналыс «болашаққа үміт» символына айналатынына сенім білдірді. Ол келіспеушіліктер мен экологиялық апаттар жағдайында тұрақты даму мен адам құқықтарын қорғаудың өте маңызды аспектілеріне тоқталды.
Марокко Корольдігінің Парламент кеңесшілері ассамблеясының Спикері және ЖТПА Президенті Энаам Майар Газадағы трагедияға назар аударып, адам саудасына қарсы ЖТПА науқанының басталғанын жариялады, сонымен қатар бейбітшілік пен өркендеу жолында жаһандық ынтымақтастыққа шақырды.
Іс-шара аясында қазақстандық дипломат Бас хатшы Серджио Пьяцимен кездесіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономиканы жаңғыртуға және азаматтардың саяси өмірге қатысуын кеңейтуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалармен таныстырды. Еліміздің басты сыртқы саяси бастамалары және Қазақстанның өңірлік өзара ықпалдастықты тереңдетудегі белсенділігі төңірегінде әңгіме қозғалды. 2020 жылғы 16 желтоқсанда қол қойылған Жерорта теңізі Парламенттік Ассамблеясы мен Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумның маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, Елшінің португалдық саясаткерлер-Республика Ассамблеясының депутаттары – ЖТПА Вице-президенті Педру Рокпен және ЖТПА Әйел парламентшілері форумының президенті Жоана Лимамен кездесулері өтті. Олардың барысында екіжақты қарым-қатынастарындағы елеулі ілгерілеулері тілге тиек болып, 2023 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Мемлекеттер басшыларының кездесулерінің, ҚР Сыртқы істер министрінің, сондай-ақ «Цифрлық ұлттар» Министрлік кездесуіне және WEB Summit-2023 қатысу үшін қазақстандық делегацияның Лиссабонға өткен сапарларының маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ, «Португалия-Қазақстан» Парламенттік достық тобының жаңа құрамын қалыптастыру және қазақстандық парламентшілердің Лиссабонға сапарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Анықтама: Жерорта теңізі Парламенттік Ассамблеясы (The Parliamentary Assembly of the Mediterranean (PAM) - 2005 жылы Еуропалық-Жерорта теңізі аймағы елдерінің ұлттық парламенттері құрған халықаралық ұйым. 90-жылдардың басында құрылған Жерорта теңізіндегі қауіпсіздік және ынтымақтастық конференциясының (CSCM) мұрагері.
Ассамблеяның негізгі мақсаты - Еуропа-Жерорта теңізі мен Парсы шығанағы өңірінің алдындағы мәселелерді шешу және бейбітшілік пен өркендеуге кеңістік құру мақсатында мүше мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік ынтымақтастықты нығайту болып табылады.
Photos (1,2) credit Luis Vieira