
Фамаликау, 2024 жылғы 6 мамыр - Қазақстан-португал жеңіл өнеркәсіп саласындағы екіжақты ынтымақтастығын жандандыру аясында ҚР Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашевтың ел солтүстігіндегі индустриалды дамыған округтердің бірінде орналасқан Португалияның тоқыма және тігін өнеркәсібі ассоциациясының (ATP - Associação Têxtil e vestuário de Portugal) президенті Марио Машадумен кездесуі өтті.
Қазақстандық дипломат ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдістерін, үкіметтің тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі белсенді шараларын, оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді, сондай-ақ Шетелдік инвесторлар кеңесі мен «Kazakh Invest» АҚ-ның қызметі туралы баяндады.
АХҚО тетіктерін қоса алғанда, инвесторлар үшін мемлекет қолдайтын тиімді преференциялар мен инфрақұрылымға басты назар аударылды. Португалдық кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктер ашатын халықаралық көлік дәліздері мен порттарының тармақталған желісін қамтитын ҚР транзиттік-көліктік стратегиясы ұсынылды.
Елші тауар айналымының, өзара туристік сапарлардың, елдер арасындағы іскерлік және адами байланыстардың айтарлықтай өскенін атап өтіп, Ассоциация мүшелерін Қазақстанмен инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастыққа белсенді қатысуға шақырды.
ATP Ассоциациясының басшысы жеңіл өнеркәсіп саласындағы сауда-инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ, Пиреней кеңістігінде қарқынды өсу кезеңін бастан өткеріп жатқан Португалияның тоқыма өнеркәсібін даму жоспарлары туралы айтып, Қазақстанмен әріптестік қатынастар орнатуға дайын екенін білдірді. Қауымдастық құрамына кіретін компаниялар ҚР-да жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Сондай-ақ, ағымдағы жылы жеңіл өнеркәсіп саласындағы компаниялар тобының ҚР-ға сапарын ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат бірқатар ірі тоқыма фабрикаларын аралап, озық технологияларды енгізуге, өнімнің сапасын бақылауға және сертификаттауға маманданған CITEVE Технологиялық орталығында болды.
Португалдық кәсіпкерлердің қызығушылығы Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін кеңейту жөніндегі үкіметтік шараларына көрсетілді, сондай-ақ «Орта дәліздің» өсіп келе жатқан рөлі атап өтілді.
Фамаликау қаласының мэрі Марио де Соуза Поссошпен кездесу барысында қатысушылар екі елдің өңірлері, Көлік логистикасы және сауда арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге байланысты өзекті мәселелерді талқылады. Португалдық қала басшысы Қазақстанның іскерлік ахуалын жоғары бағалап, елімізбен ынтымақтастыққа деген үлкен қызығушылықты атап өтті.