
Лиссабон, 2023 жылғы 13-16 қараша – ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А.Жамбакин бастаған қазақстандық делегация «Цифрлық ұлттар» (Digital Nations) Министрлік кездесуіне және осы күндері Португалия астанасында өтіп жатқан Web Summit-2023 дүниежүзілік цифрлық форумының жұмысына қатысты.
Министрлік кездесуінің пленарлық отырысында қатысушы мемлекеттер өкілдері мен сарапшылар қоғамдастығының жоғары бағасына ие болған қазақстандық Smart Data Ukimet және Отбасының цифрлық картасы инновациялық жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, Отбасының цифрлық картасы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін әлеуеті зор жоба ретінде танылды.

Ынтымақтастықтың практикалық келешегі Португалияның Цифрландыру және мемлекеттік жаңғырту істері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Мариу Камполаргумен екіжақты келіссөздер барысында талқыланды. Онда тараптардың IT-саласында тығыз ықпалдастық құруға деген өзара ұмтылысы атап өтілді. ҚР цифрлық құрылымы және мемлекеттік процестерді трансформациялаудағы жетістіктер, сондай-ақ жоғары қарқынмен дамып келе жатқан осы саланы қолдау шаралары ұсынылды. Цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісім жобасын дайындау мүмкіндігі де қаралды.

Португалияның Ұлттық киберқауіпсіздік орталығының басшылығымен қазақстандық тарап киберкеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде сыни инфрақұрылым, IoT, коммуникациялық жүйелер, әлеуметтік инженерия мониторингі, криптографиялық хаттамалар, блокчейнді және компьютерлік криминалистика жөніндегі осы елдің озық тәжірибесімен, сондай-ақ «кибергигиенаның» үздік алға басуларымен және білім беру модульдерімен егжей-тегжейлі танысты. Пайдаланушылардың жалған ақпараттың таралуымен күресі, интернеттегі коммерциялық мінез-құлық және құпиялылықты қорғау саласындағы хабардарлығын арттыру бағдарламалары ерекше қызығушылық тудырды.

Португалияның Ұлттық ақша сарайының басқарма басшысы Қазақстанның цифрлық сәйкестендіру саласындағы үздік тәжірибелерімен танысып, криптография, биометрия, жасанды интеллект, блокчейн және тауарларды цифрлық таңбалау тәрізді салаларда ақпарат алмасу және құзыреттілік саласындағы екіжақты байланыстарды күшейтуге ниет білдірді.

Сонымен қатар, ҚР делегациясы Еуропадағы жетекші ғылыми-технологиялық парктердің бірі Taguspark-та болып, оның Бас директоры Эдуарду Баптиштамен кездесті, сондай-ақ осы технопарк негізінде құрылған бірқатар табысты стартаптармен танысты. Astana Hub-пен бірлескен жобаларды іске асыру және қазақстандық IT-өнімдерді экспорттау мүмкіндіктері талқыланды.

Анықтама: Digital Nations халықаралық форумы мемлекеттік органдардың жұмысын жақсарту үшін цифрлық технологиялардың жаһандық әлеуетін барынша пайдалану бойынша үкіметтер арасында озық тәжірибені дамыту және алмасу мақсатында 2014 жылы құрылды. Қатысушылары - Эстония, Израиль, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Канада, Уругвай, Мексика, Португалия және Дания үкіметтері.
2009 жылы құрылған WEB Summit - IT саласындағы ең ірі жыл сайынғы конференция және көрме. 2016 жылдан бастап саммит Лиссабонда тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл ол рекордтық қатысушыларды жинады - 160 елден 71 мың қатысушы, оның ішінде 2600 стартап, 2000 БАҚ, 900 инвестор және 800 спикер.
ҚР Португалиядағы Елшілігі