Қазақстан Елшісі Парламентаралық Одақтың төрағасымен кездесті

Қазақстан Елшісі Парламентаралық Одақтың төрағасымен кездесті

Лиссабон, 2023 жылғы 9 қазан - Қазақстан Республикасының Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев Парламентаралық Одақтың Президенті, XV сайланымындағы Республика Ассамблеясы (парламент)   бюросының хатшысы Дуарте Пашекумен кездесті.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстанның Парламентаралық Одақпен және Португалияның заң шығарушы жиынымен өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылады.

Дуарте Пашеку 2021 жылдың аяғында Астанаға жасаған сапары мен Мемлекет басшысымен кездесуін жылулықпен еске алып, Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік, демократия және мықты парламент, адам құқықтары, гендерлік теңдік, орнықты даму және климаттың өзгеруіне қарсы күрес тәрізді негізгі басымдықтарын ұйымдастыру мен ілгерілетудегі рөліне оң баға берді.

Қазақстандық дипломат өз кезегінде парламенттік дипломатияның маңыздылығын және оның дамуындағы Ұйымның жетекші рөлін атап өтті. Португалдық саясаткер демократиялық институттарды нығайтуға, заңның үстемдігіне, адам құқықтарын қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру деңгейін және әлеуметтік әділеттілікті арттыруға бағытталған ауқымды қазақстандық реформалармен танысты.

Сонымен қатар, тараптар қазіргі геосаяси жағдайды талқылап, халықаралық мәселелерді дипломатиялық жолдармен шешу және «шиеленісті аймақтарда» бейбітшілік орнатуда парламенттік дипломатияны пайдалану қажеттігін атап өтті.