
Фуншал, 2023 жылғы 15 маусым - Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев Мадейра автономиялық аймағының астанасы Фуншал қаласына жұмыс сапармен барып, Аймақ Үкіметінің президенті Мигель Альбукеркемен, Сауда-өндірістік палатасының төрағасы Жорж Франспен, Туризм және мәдениет жөніндегі өңірлік хатшы Эдуард Жесушпен, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлермен келіссөздер өткізді.
Кездесуде М.Альбукерке Қазақстан мен Португалия арасындағы қарым-қатынастардың дамуының оң қарқынын және шарттық-құқықтық базаның жоспарлы кеңеюін жоғары бағалап, өңірдің Қазақстанмен ынтымақтастығының келешегі зор бағыттары туралы пікір бөлісті.
Қазақстандық дипломат Автономиялық аймақтың басшысына ҚР-дағы ауқымды қоғамдық-саяси реформалар, дәйекті демократияландыру үдерісі, экономикалық жетістіктер мен халықаралық бастамалар жөнінде, сондай-ақ Еуропамен тұрақты көліктік өзара байланысты одан әрі нығайту қажеттігі және Астана халықаралық форумының қорытындылары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Архипелаг Үкіметінің Президенті Қазақстанның алға басулары туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдап, Мадейрада Құрметті консулдықтың ашылуы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін беретінін айтты.
Тараптар туризм, құрылыс индустриясы, IT, робототехника және ЖЭК сияқты салаларда өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге қызығушылық білдірді.
Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстыру барысында Мадейра Сауда өндірістік палатасында экономиканың басым секторлары және өңірлерді индустриялық жаңғырту бойынша өзекті ақпарат ұсынылды. Португалдық кәсіпкерлер АХҚО, АЭА қызметтерімен танысып, транзиттік-көлік саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда және өңірлік саудадағы кооперация мүмкіндіктерін талқылады. Бұдан басқа, Қазақстан мен осы архипелагтың бизнес-құрылымдары арасындағы тығыз кооперацияға өзара мүдделілік атап өтілді.
Туристік саладағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері Туризм және мәдениет жөніндегі өңірлік хатшылықтың басшысы Э.Жесушпен талқыланды, ол сондай-ақ «Аралдар» санатындағы үздік еуропалық туристік бағыт деп танылған осы туристік дестинацияны ілгерілетудің пәрменді тетіктерімен таныстырды.
Елші қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуды ұсынып, KITF-ке қатысуға шақырды, сондай-ақ осы саладағы мамандармен алмасу қажеттігін атап өтті.
Өткен кездесулердің қорытындылары бойынша екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жұмыстарын бірлесіп жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Анықтама: Мадейра - Португалиядан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 1,0 мың шақырым, Африка жағалауынан батысқа қарай 500 шақырым қашықтықта, Солтүстік Атлант мұхитындағы архипелагта орналасқан Португалияның автономиялық аймағы. Архипелаг екі аралдан тұрады, бастысы – Мадейра, кішісі Порту-Санту және шөлді, қоныстанбаған Ильяш-Десерташ аралдарының тобы. Автономиялық аймаққа оңтүстікке қарай 300 шақырым қашықтықта, Канар аралдарына жақын орналасқан Селваженш аралдары да кіреді. Аймақтың астанасы және ең үлкен қаласы - аралдың оңтүстік жағалауындағы Фуншал қаласы болып табылады.