
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –
Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің
Diário de Notícias газетіне сұхбаты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуроодақ елдерімен қарым-қатынастарды нығайту мақсатында Португалияға сапар жасады. Қазақтар Украинадағы соғыстың әсерін еңсеру жолында күш-жігерін салып жаты.
DN: Украинадағы жағдай Қазақстанға қалай әсер етіп жатыр?
- Украинадағы әскери қақтығыс әлемдік экономикаға, оның үстіне Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылатын Қазақстан экономикасына да әсер етіп жатыр. Халықаралық шектеулер біздің нарыққа қысым жасап отыр. Біз санкцияларға қосылмаймыз және оларды қолдамаймыз, дегенмен, мемлекетіміздің аумағы оларды айналып өту үшін пайдаланылмауын қамтамасыз ету қажет. Қазіргі уақытта Еуропалық Комиссиямен және АҚШ Әкімшілігімен біздің компаниялар мен экономикаға қатысты екінші деңгейдегі санкциялардың теріс салдарын болдырмау бойынша кеңестер жүргізілуде. Осыған байланысты, қазақстандық бизнеске қайталама санкцияларға ұшырамауға мүмкіндік беретін кейбір ережелер айқындалды және сонымен бірге бұрын Ресей нарығынан келіп түскен табиғи ресурстар, металдар, ауыл шаруашылығы өнімдері және өзге де стратегиялық қорлармен қамтамасыз ету мақсатында Батыс серіктестерімен жұмыс жүргізілуде. Оған қоса, Орталық Азия нарықтарына оңай қол жеткізуді қамтамасыз ететін бір экономикалық кеңістікте екендігімізге байланысты Ресейдегі өз қызметін тоқтатқан немесе шектеген компаниялар Қазақстанға көшіп жатыр.
DN: Бұл Қазақстан экономикасы қазіргі халықаралық дағдарыс жағдайында да тұрақтылықты көрсетті дегенді білдіре ме?
- Иә, біз дәл осылай болу үшін бар күшімізді салып отырмыз.
DN: Қазақстан халқы орыс этносының миллиондаған өкілдері мен жүздеген мың украиндарды қамтитын полиэтникалық құрамымен ерекшеленеді. Қақтығыс олардың күнделікті өмірінде қандай да бір түрде көрініс тапты ма?
- Қазақстанда 110-нан астам этникалық топтар тұрады. Қазақтар Украинада, украиндықдар Қазақстанда өмір сүреді. Осы қақтығыстың басталуымен көптеген адамдар Украинадан біздің елге көшті және оларға деген қонақжайлылықтан бас тартқан жоқпыз. Сонымен қатар, сіздер білетіндей, соңғы айларда Ресейден Қазақстанға көптеген адамдар, әсіресе жастар, 800 000-нан астам адам келді. Олардың көпшілігі басқа елдерге кетті, бірақ 200 000-ға жуық жас ресейліктер елде жұмысын жалғастыруда, негізінен ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейді. Менің ойымша, бұл да жас ұрпақтың көмегімен технологиялық секторды дамыту мүмкіндігінің бір түрі.
DN: Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара қарым-қатынастың ағымдағы жай-күйін қалай сипаттайсыз?
- Біз ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық және ратификацияладық. Тұрақты кездесулер өткізіледі. ЕО жалпы инвестиция көлемі 160 млрд долларды құрайтын Қазақстан экономикасына ірі инвестор болып табылатынын атап өткім келеді. Әрбір еуропалық елмен сындарлы өзара іс-қимыл орнатылған. Сонымен қатар, ЕО басшылығы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арасында сенімді қарым-қатынас орнады. Мәселен, Еуропалық Кеңестің Төрағасы Чарльз Мишель өткен жылы Қазақстанға келді, біз Орталық Азия – Еуроодақ саммитін ұйымдастырдық, онда көршілес мемлекеттердің басшыларымен бірге ЕО-ның өңірмен ынтымақтастық келешегі талқыланды. Біздің Президент пен Еурокомиссия Төрағасы Урсула фон дер Лайен арасында келісімге қол жеткізілді және COP-27 Климаттық саммиті аясында ҚР Премьер-Министрі мен фон дер Лайен ханым Сирек кездесетін металдар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қазір тараптар осы уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Таяу болашақта Қазақстаннан еуропалық нарыққа минералдық ресурстардың жеткізілімдері кеңейтілуі мүмкін.
DN: Қазақстандағы саяси өзгерістерге келетін болсақ, өткен жылдан бастап елде 2022 жылғы қарашада президенттік сайлау өтті, ал наурызда парламенттік сайлау өтеді. Бұл реформалар тиімді ме?
- Әрине, тиімді. Президентіміз Әділ Қазақстанды құрудың жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Өткен жылы референдум өткізілді, онда азаматтар конституциялық заңнамаға енгізілген өзгерістерді қолдады, соған сәйкес қайта сайлау құқығынсыз президенттік өкілеттіктің бір жеті жылдық мерзімі енгізілді, бұл менің ойымша, біздің өңірдегі саяси бастама болып табылады. Сонымен қатар, бұл парламенттегі саяси партиялардың палитрасын кеңейтеді деп ойлаймын. 19 наурызда парламентке сайлау өтеді, жаңа рәсімдер бойынша, 70% саяси партиялар мен 30% бір мандатты округтер бойынша өкілдік етеді. Осылайша, саяси партиялар мен өңірлердің кең өкілдігі қамтамасыз етіледі.
DN: Қазақстанның антиядролық саясаты елдің КСРО-дан мұраға қалған ядролық қарудан бас тартуға шешім қабылдағанымен белгілі. Бүгінгі таңда ядролық соғыс мүмкіндігі туралы көп айтылғанда, Қазақстан үшін бұл саясатты қорғаудың басымдығы қалып отыр ма?
- Иә. Тәуелсіздіктің басынан бастап 1991 жылы ядролық арсеналдан бас тарта отырып, Қазақстан бүкіл әлемде ядролық қаруды таратпау мен қарусызданудың сенімді жақтаушысы болып табылады.
Біздің ойымызша, ядролық қаруға ие болу көптеген қауіп-қатерлерге ие, мысалы, террористік немесе радикалды топтарды пайдалану немесе тіпті басып алу мүмкіндігі де олардың арасында бар.
DN: Қазақстанның халықаралық имиджіне келетін болсақ, бұл басым мұсылман халқы бар инвестициялар үшін тартымды толерантты мемлекет ретінде қабылданатын ел. Ядролық қарудың таралуына қарсы күресте тәжірибесі мен танымал беделі бар ел. Алайда, өткен жылдың басында сізде үлкен толқулар болды.
Елдің имиджі оң болып қала береді деп ойлайсыз ба?
- Солай қала береді деп ойлаймын. Біз көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанамыз, барлық елдермен, Ресеймен, ЕО-мен, Қытаймен және АҚШ-пен әріптестік қарым-қатынастар орнатылған. Қазақстан ядролық қарусыздану мен таратпау процесінің берік жақтаушысы позициясын ұстанады, сонымен бірге өркениеттер арасындағы диалогты жақтайды. Өткен жылы біз Астанада Рим Папасы Франциск қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырдық.
Бұдан басқа, біз өңірдің барлық мемлекеттері арасындағы сенімді нығайту мақсатында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) бастамашылық жасадық. Біз бұл платформаны бүкіл Азия континентін қамтитын халықаралық ұйымға айналдыру туралы шешім қабылдадық. Мұндай бастамалар Қазақстанның әлемнің барлық елдері арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасқа ұмтылатынын көрсетеді.
2023 жыл 17 ақпан, Лиссабон қаласы
Сұхбаттасқан тілші: Леонидиу Паулу Феррейра «Diário de Notícias» газеті бас редакторының орынбасары.
(португал тілінен бейресми аударма)