
Лиссабон, 2022 жылғы 14 наурыз – Қазақстан-Португал ынтымақтастығын дамытуға, екі ел арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, сыртқы және ішкі саясатын танытуға қосқан қомақты үлесі үшін Елші Дәулет Батырашев танымал португалдық журналист және публицист, осы елдің «Диариу де Нотисиаш» атты жетекші газеті бас редакторының орынбасары Леонидиу Паулу Феррейреге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Марапаттау рәсімінде қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының елімізде әділ қоғам құруға және демократиялық өзгерістерді жалғастыруға, ашықтық пен оқиғаларды объективті жариялауға деген бейілділігін атап өтті.
Л.Феррейра өз алғысын білдіріп, португал тілді оқырмандарға Қазақстан туралы және елдегі оқиғалар жайлы әділ әрі шынайы ақпаратты жедел жеткізудің қажеттілігін айтты. Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының экономикалық және демократиялық реформалар бағдарламасы жөніндегі саясатына қолдауын жеткізіп, Қазақстан мен Португалия БАҚ-тары арасында тікелей байланыс орнату мен ақпарат алмасудың өзектілігін айтты.
Анықтама: «Diário de Notícias» газеті («Күнделікті жаңалықтар») – Португалияның Лиссабон қаласында 1864 жылдан бастап шығатын жетекші газет.
Баспа нұсқасы 22 500 данамен тарайды әрі онлайн-басылым күн сайын 1 млн. Рет оқылады. Аудиториясының жалпы саны Португалиямен қатар басқа португал тілді елдерді қоса алғанда 3 миллион оқырманнан астам.
Ішкі және халықаралық алаңдардағы оқиғаларды талдауға бағытталған. Жетекші саяси қайраткерлердің, дипломаттардың сұхбаттарын, талдаушылар мен саясаттанушылардың мақалаларын жиі жариялайды. Португал тілінде жарық көреді. Кең мақсатты аудиторияға, интеллигенцияға арналған.
Ресми сайты: www.dn.pt.